Академик Қ.И. Сәтбаев атындағы дәріс залы (Б-201)

Қаныш Имантайұлы Сәтбаев – геолог-ғалым, минерология ғылымдарының докторы, профессор, академик.

1899 жылдың 12 сәуірінде қазіргі Павлодар облысының Баянауыл ауданында (бұрынғы Семей губерниясының Павлодар уезіндегі Ақкелін болысы) Имантай бидің отбасында дүниеге келді.

«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» демекші, табиғатынан зерек Қаныш 1909-1911 жылдары өзінің туған ауылындағы орыс – қазақ мектебінде оқып, 1918 жылы Семей қаласындағы оқытушылар семинариясын бітіреді. Одан кейінгі бірер жыл Семей қаласында, өз ауылында мұғалімдік қызмет атқарып, 1920-1921 жылдары Баянауыл ауданындағы 10-шы учаскесінің халық судьясы болды.

1921 жылы Қаныш Имантайұлы Томск технология институтының кен факультетінің геологиялық барлау бөліміне оқуға түседі. Институтты бітіргеннен кейін Қ. И. Сәтбаев өзінің туған еліне оралып, өмірінің басым көпшілігін оның геологиясын зерттеуге және туған өлкесінің минералдық шикізат негізін жасауға арнап, барлау, ғылыми ізденіcтерінің нәтижесін өндіріске енгізуге, республикамызда индустрия алыптарын салуға зор үлес қосты. Ол 1920-1930-шы жылдары кең көлемді барлау жұмыстарына басшылық жасап, оларға тікелей қатынасуымен бірге Жезқазған-Ұлытау, Қарсақпай, Қаратау полиметалл кендері жөнінде іргелі ғылыми еңбектер жазды.

1926-1941 жылдары Атбасар, Қарсақпай трестерінде геологиялық бөлімінің жетекшісі және бас геолог болған Қаныш Имантайұлы Жезқазғанның одақтағы ірі мыс рудалары бай аудандар қатарына жататынын бұлжытпай дәлелдеп, минералды шикізаттарға бай Сарыарқа, Кенді Алтай сияқты аймақтарға ерекше назар аударды.

Академик Қ. И. Сәтбаевтың көп қырлы талантының жарқын көрінісі – ол ғылыми жұмыстардың ұлы ұйымдастырушысы болды. Оның халқына мұраға қалдырған қазынасы – іргесін өзі қалаған, ғылым ордасы Қазақстанның Ұлттық Ғылым академиясы болып табылады.

Қаныш Имантайұлы 1941 жылы ғылыми-ұйымдастырушылық жұмысқа шақырылды. Осы жылы КСРО Ғылым академиясының Қазақ филиалының орынбасары болып сайланды. 1943 жылдан филиалдың төрағасы қызметін атқарды. Сол жылы Қ. И. Сәтбаев геология ғылымындағы үздік жетістіктері үшін КСРО Ғылым Академиясының корреспондент мүшесі, ал 1946 жылдан толық мүшесі (академик) болып сайланды. Ол сол кезде КСРО-ға кірген күншығыс республикалары халықтары өкілдерінен шыққан тұңғыш академик еді.

1946 жылы 1 маусымда КСРО Ғылым Академиясының Қазақ филиалы негізінде Қазақ КСР-нің Ғылым академиясы (қазіргі ҚР Ұлттық ғылым академиясы) ашылуы республика өміріндегі аса көрнекті оқиға болды. Академияның тұңғыш толық мүшелері болып 14 адам – Қ. И. Сәтбаев;                    М. О. Әуезов; Ә. Б. Бектұров; Н. Т. Сауранбаев т.б. бекітілді.

Қаныш Имантайұлы Сәтбаев академия президенті ретінде ғылым мен өндірісті байланыстыруға, ғылыми жетістіктерді өндіріске енгізуге үлкен мән беріп отырды. Ол өзі негізін қалаған Ұлттық ғылым академиясының 1946-1952 және 1955-1964 жылдар аралығында 16 жыл басқарды, ал геологиялық ғылымдар институтына үш жылдық үзілісті қоспағанда 1941-1964 жылдар үздіксіз жетекшілік етті.

Қаныш Имантайұлының пайдалы кендердің болжам карталарын құрастырудың методологиялық теориялық негіздерін айқындауға қосқан үлесі зор. 1958 жылы Қ.И. Сәтбаев бастаған бір топ ғалымдарға Орталық Қазақстанның кешенді металлогениялық және болжам карталарын жасағаны үшін Лениндік сыйлық берілді. Сол елуінші жылдардың өзінде-ақ кешенді металлогениялық болжам карталарды өндіріске енгізуге айтарлықтай нәтижелер берді: Сарыарқа аймағында қара, түсті, сирек металдардың жаңа кендері ашылды. Ашылған кендер мен руда белгілерінің 90% айтылмыш болжам карталардың негізінде анықталды.

1958-1964 жылдар аралығында КСРО Жоғары кеңесінің депутаты, КОКП ХХІ-ХХІІ съездерінің делегаты, Қазақстан КП ОК мүшесі, КСРО Ғылым академиясының Президиум мүшесі, КСРО Жоғары кеңесінің Кеңес одағы төрағасының орынбасары болып сайланды.

Қ. И. Сәтбаев сол кездегі Кеңес елінің жоғарғы марапат белгісі Ленин орденінің төрт рет иегері, Лениндік және Мемлекеттік сыйлықтардың иегері.

Қаныш Имантайұлы 1964 жылдың 31 қаңтарында Мәскеу қаласындағы Кремль ауруханасында қайтыс болды.