С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде этнограф, фольклоршы, әскери дәрігер, ең көлемді орыс тілінің түсіндірме сөздігінің құрастырушысы Владимир Дальдің 215 жылдығына арналған әдеби кеш өтті.
Оның орыс тілінің түсіндірме сөздігі бүгінгі күнге дейін ең көлемді сөздік болып табылады. Сөздіктің құрамында 200 мың сөз және 50 мың мақалдар енгізілген. Бұл еңбекті құрастыру үшін Владимир Иванович жарты ғасырға жуық уақытын сарп еткен. Ол әдебиет әлеміне 1832 жылы аяқ басты. Дәрігер өз жазбаларын «Луган казагы» деген лақап есіммен таңбалап жүрді. Луганск – оның туған мекені. Дальдің арғы тегі даттық болғанымен, ол Ресейді өзінің отаны санаған.
Владимир Дальдің сөздігін бүкіл халық біледі. Оның сөздігі әр үйден табылады, тек қолданылуы сиреп кеткені анық. Павлодар мемлекеттік университетінің кітапсүйерлері әлі күнге дейін оқушылар мен студенттердің адал көмекшісі болып келе жатқан еңбекті жаңғыртуды жөн деп тапқан.
Владимир Дальдің туғанына 215 жыл толуына орай ұйымдастырылған әдеби кеш оның өмірбаяны мен шығармашылығына өзек болған бес бөлімнен тұрды. Көркем әдебиет бөлімінің кітапханашысы Елена Лиханова студенттер арасында танымдық ойындар өткізді. Шара соңында «Қарға» ертегісінің желісімен театрландырылған қойылым қойылды.
«Вдохновение» әдебиет клубының белсендісі Вероника Русанова өзінің кештен кейінгі әсерімен бөлісті: «Кеш қызықты да танымды өтті. Бұл күні кешке қатысушылардың сөздік қоры да толыға түскені сөзсіз. Ал, қызықтысы, Владимир Иванович Дальдің орыс болмағандығы: әкесі дат, анасы жартылай неміс, жартылай француз. Ал Даль әрқашан былай дейтін: «Кім қай тілде ойласа, сол ұлттың өкілі болады. Мен орыс тілінде ойланамын».