С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде «БҰҰ моделі – Жаңа Жібек жолы» отырысы өтті.
БҰҰ үлгісі – бұл Біріккен Ұлттар Ұйымының жұмысын бейнелеуге мүмкіндік туғызатын студенттік конференция ретінде өтетін танымал әлемдік бағдарлама. Студенттер бір күн бойы дипломаттар, БҰҰ өкілдері рөлінде әлемдік деңгейдегі мәселелерді шешуге тырысады.
Бұл бағдарлама жаһанның үздік университеттерін бір арнаға тоғыстырады. Олар оқу бағдарламалары, жер жүзіндегі бейбіт өмірді және демократиялық құндылықтарды қолдауға бағытталған курстар арқылы БҰҰ басты идеяларын қолдайды.
Павлодар мемлекеттік университетінің ректоры Арын Өрсариев өз сөзінде мұндай пікірсайыс алаңдарында студенттердің мәселелерді талқылап қана қоймай, олардың өз ойын ашық айтуына, жаңа достар табуына, халықаралық деңгейде және Ұлы Жібек жолы өңірлерінде байланыс орнатудың жақсы мүмкіндігі туатынын айтып өтті.
Айтулы шараға «БҰҰ моделі – Жаңа Жібек жолы» бағдарламасының (Алматы) белсенділері ұйытқы болды. Отырыс гендерлік мәселелер мен БҰҰ Тұрғын халық саласындағы (ЮНФПА) қорының жұмысына арналды.
Бұл жолғы пікірсайысқа түсік жасатуға қарсылық тақырыбы арқау болды.
Бағдарламаның атқарушы директоры, Колумбия университетінің профессоры Рафис Абазовтың айтуынша, «БҰҰ моделі – Жаңа Жібек жолы» – бұл өте маңызды бастама. «Бұл студенттерге алуан түрлі жаһандық мәселелерді өзінше талқылап, Ұлы Жібек Жолы рухында мемлекеттер арасындағы байланысты нығайтуды көздейтін Орталық және Шығыс Азия аймағындағы бірқатар бағдарламалардың бірі», – деді Рафис Фанисович.
Дебаттық отырыстың ең белсенді қатысушылары болып гуманитарлық-педагогикалық факультеттің студенті Бауыржан Зада және Екатерина Санникова танылды. Студенттердің дипломатиялық әңгімелесуді сауатты жүргізуі, белгілі тақырыпты дөп жеткізе алатындығы, ағылшын тілін еркін меңгергені үздік болуына сеп болды. Олар 2017 жылы Алматы қаласында өтетін БҰҰ халықаралық моделіне қатысу грантына ие болды.