С.Торайғыров ат. ПМУ 2014 жылдың 15 мамыр күні Павлодар қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімімен бірлесіп, 2014 жылғы түлектерге арнап бос жұмыс орындар жәрмеңкесін өткізді.
Биыл С.Торайғыров атындағы ПМУ-да түлектерге арналған бос жұмыс орындар жәрмеңкесі оныншы мәрте өтуде. Бұл жолғы жәрмеңкеге Павлодар қаласы әрі Павлодар облысының 70-ке жуық кәсіпорыны мен өнеркәсіптері шақырылды. Олардың қатарында «Қазақстан Алюминийі» АҚ, «Қазақстан электролиздік зауыты» АҚ, «KSP Steel» ЖШС, «Еуразиялық энергетикалық корпарациясы» АҚ, «Павлодар мұнай-химиялық зауыты» ЖШС, Екібастұз ГРЭС-1, «Промашкомплект» ЖШС, «Павлодар электржелісін тарату компаниясы» АҚ, банктер, құрылыс компаниялары, құқық қорғау органдары және т.б. болды.
Павлодар мемлекеттік университетінің биылғы жылғы түлектерінің саны 56 мамандық бойынша 1055 болады деп күтілуде. Олардың 247-сі «Білім беру» және «Ауылшаруашылық ғылымдары» мамандықтары бойынша білім алып жүрген студенттер. Бүгінгі жәрмеңкеге 808 түлек қатысты.
Айтулы жәрмеңкеде түлектер жұмыс берушімен тікелей байланыста болуына, жұмыс берушінің талаптары, еңбек нарығының жағдайынан хабардар болуына мүмкіндік алады. Сондай-ақ түлектер кәсіпорын өкілдеріне өздерінің резюмелерін тікелей қолдарына тапсыра алуының сәті түсті. Сонымен қоса, Павлодар қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі қызметкерлері түлектерге кеңестерінен аянып қалмады. Түлектерге Павлодар қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бос орындар қоры ұсынылды.
«Жыл сайын университет өз түлектеріне арнап бос жұмыс орындар жәрмеңкесін ұйымдастырады. Шараның басты мақсаты – ЖОО түлектеріміз үшін тиімді жұмыс орынын табуға себепкер болу. Бұл қадам жұмыс берушіге де, университетке де екі жақты пайдалы ынтымақтастық», - деп мәлімдеді С.Торайғыров атындағы ПМУ Әлеуметтік сауалдар бойынша департаментінің басшысы Ренат Нұрғожин.