Торайғыров университеті "Академик Қ. И. Сәтбаевтың феномені: кеше және бүгін" атты республикалық ғылыми-практикалық конференцияға қатысты.
Қатысушылар ұлы ғалымның мұрасын, сондай-ақ қазіргі қазақстандық ғылымның жетістіктері мен даму перспективаларын талқылады. Спикерлер мен тыңдаушыларды облыс әкімі құттықтады.
- Бұл шара - академик мұрасына құрмет, сондай-ақ ғылымымыздың жетістіктері мен даму перспективаларын талқылау мүмкіндігі, - деп атап өтті Асайын Байханов. - Қаныш Имантайұлы тек геолог ғалым ғана емес, сонымен қатар кең ой-өрісі мен терең білімі бар адам болған. Оның жұмысы Қазақстанның тау-кен өндіру саласын, бүкіл ел бойынша геологиялық зерттеулерді дамытуға негіз болды.
Сонымен қатар, конференцияда өңірдің жеті жас ғалымына гранттар салтанатты түрде табыс етілді, олардың арасында Торайғыров университетінің ғалымдары бар.
- Бүгін Павлодарда Қаныш Сәтбаев феномені және оның еліміздің тарихына қалай әсер еткені талқыланды. Қазақстандық ғылымның бастауында тұрған адам бүгінде маңызды және өзекті тұлға болып қала береді. Оның ғылым мен білім беруді дамыту қажеттілігі, табиғи ресурстарға ұқыпты қараудың маңыздылығы туралы идеялары маңыздылығын жоғалтқан жоқ. Қазіргі қоғам алдында тұрған жаһандық сын-қатерлер жағдайында Сәтбаевтың мұрасы барлығымыз үшін бағдар болып, жаңа ашылулар мен жетістіктерге шабыттандыруы тиіс, - деп атап өтті ЖОО ректоры Еркін Садықов.
Сондай-ақ, Торайғыров университетіне Қазақстанның Ғылым және жоғары білім вице-министрі Дархан Ахмет-Заки келді. Қонаққа Агроөнеркәсіптік және химиялық зертханалар көрсетіліп, университеттің ғылыми-зерттеу әлеуеті туралы айтылды.
Айта кету керек, академик Қаныш Сәтбаевтың туғанына 125 жыл толуын мерекелеу атақты ғалымның ескерткішіне гүл шоқтарын қоюдан басталды.