Павлодар мемлекеттік университетінің академик С.Бейсембаев атындағы Ғылыми кітапханасына биыл – 50 жыл толып отыр. Осы мерейтойды атап өту барысында өткізілген көптеген шаралардың бірі – жас мамандардың білім деңгейін көтеруге бағытталған сайыс болды.

Сайыс алдын-ала жасалған жоспар бойынша 2010 жылдың наурызынан бастап екі кезеңге бөлініп өткізілді. Кітапхана директоры С.А. Исәмадиеваның және ғылыми-әдістемелік бөлім меңгерушісі Б.С. Әлжанованың басшылығымен сайыс ережесі, қазылар алқасының мүшелері тағайындалды.

Сайыстың басты мақсаты жас мамандардың шығармашылық жетістіктерін айқындау, еңбектің жаңа формалары мен әдістерін енгізуге ықпал ету, ұжымда позитивті жұмыс дәстүрін қалыптастыру, кітапхана мен оның қызметкерлерінің иммиджін нығайту болды.   

Сайысқа қатысуға білім деңгейіне, жұмыс өтіліне, лауазымына қарамастан ықылас білдірген он бір жас мамандар: Әлжекеева А.Қ., Ахметова А.К., Гавриленко О.С., Даулеталиева Ә.Б., Даутова А.Қ., Досжанова Ш.Т., Кунязова А.С., Масальская И.В., Мухамединова С.Б., Нұргалиева Ә.К., Передкова А.А. таңдап алынды.

Сайыс талаптарына сәйкес 30-сәуірде өткізілген бірінші кезеңде сайыскерлер библиографиялық шолулар жасап, өздерінің баспасөз беттерінде жарияланған мақалаларын ұсынды.

Сайыскерлердің жасаған шолулары тақырыптарының алуан түрлілігімен, өзектілігімен ерекшеленді. Мысалы, Гордиенко Ольганың «Әлем қалаларына саяхат» тақырыбына жасаған шолуы көрермендерін дүние жүзінің түкпір-түпіріндегі аты аңызға айналған қалаларына саяхат жасап қайтқандай әсер қалдырды.

Сонымен қатар Кунязова Айсұлудың еліміздің барлық әйелдер қауымына арналған «Аружан» журналына жасаған шолуы есте қаларлықтай болы. Аталмыш журнал қазақ және орыс тілінде қатар шығып, тек қана Қазақстанда ғана емес, жақын және алыс шетелдерге де таратылады. Журнал көркем иллюстрацияларымен және жоғары сапасымен де тартымды.

Оқырмандар бұл журналдан өзекті мәселелермен қатар асты жақсы дайындауға үйрететін кеңестер, сән, қарым-қатынас психологиясы, этика, балалар мәселесі және т.б. тақырыптардағы мақалаларды оқи алады. Есімдері аңызға айналған Шығыс әйелдері туралы әңгімелер рубрикасына айрықша тоқталуы да тыңдаушылар көңілінен шықты.

Ахметова Алмагүлдің «NOMAD»KAZAKHSTAN» журналы бойынша тарих беттеріне жасаған шолуы да қызықты болды. Журнал қазақ халқының көркем шығармашылығының және этностың өзін таныту түріндегі зергерлік өнері, мәдениеті мен дүниетанымы, көшпенділер өркениетінің, көне түркілердің, сондай-ақ Алтын Орданың аса бай материалдық және мәдени мұрасынан сыр шертіп, түрлі-түсті иллюстрациялармен безендірілген өзіндік, ұлттық ажарымен ерекшеленеді.

Өзге сайыскерлер де өз шолуларын жақсы деңгейде көрсетіп, тақырып таңдау, ойын ұтымды жеткізу, оқырмандармен жұмыс жасау қабілеттерін көрсете білді.

Ал сайыстың екінші кезеңі 10 қазанда жалғасын тапты. Ережеге сәйкес мұнда сайыскерлер «Өз мамандығының майталманы» тақырыбына презентация жасады. Жарыс соңы әр қызметкердің бос уақытында немен әуестенетінін көрсететін шығармашылық тақырыпқа ұласты.

Бұл тапсырмаларды орындау барысында да сайыскерлер өздерін жан-жақты көрсете білді. Презентация жасауда барлық сайыскерлер заман талабына сай жаңа технология мен компьютер мүмкіншіліктерін ұтымды пайдаланып, ұсынған материалдары көрермендер жүрегіне жол тапты. Әсіресе, шығармашылық тақырыбында сайыскерлер әр қырынан көрініп, өздерінің жан-жақты өнерлерін ортаға салды. Нұргалиева Әлиянің өмір көріністерінен жасалған фотогалереясы, Мұхамединова Салтанаттың қазақтың ұлттық оюларымен өрнектелген жастық-көрпешесі, Гордиенко Ольганың тоқыма бұйымдарының көрмесі, Даутова Анардың мың бұралған шығыс биі әріптестерінің ыстық ықыласына ие болды.  

Міне, бес айға созылған сайыс та мәресіне келіп жетті. Арнайы құрылған қазылар алқасының шешімімен және әріптестерінің дауыс беруі бойынша жеңімпаздар анықталып, бірінші орынды Передкова Василина, екінші орынды Даутова Анар, үшінші орынды Нұргалиева Әлия иеленсе, көрермен көзайымы атағын Ахметова Алмагүл еншіледі. Қалған сайыскерлер де әр түрлі номинациялар бойынша марапатталып, барлығына сертификат және құнды сыйлықтар ұсынылды.

Сайыс соңында кітапхана директоры С.А. Исамәдиева осы шараны өткізуге ат салысқаны үшін ұжымға алғысын білдірді. Әрине, мұндай шараларды өткізудің мамандардың біліктілігін көтеруде маңызы зор екенін құптаған әріптестер көтеріңкі көңіл-күйде тарқасты.

Автор: Академик С. Бейсембаев атындағы ҒК-ның ғылыми-әдістемелік бөлімінің бас маманы              Ергожина А.Т.