С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің «La vie Добро» еріктелер отряды облыс орталығындағы аутист-балалар ата-аналарының «Ардап» қауымдастығын қолдау мақсатында қайырымдылық жәрмеңкесін өткізді.

Жәрмеңкеге келген әр азамат танымал кондитерлердің тағамдарынан дәм татып, қолөнер шеберлерінің туындыларын сатып алу мүмкіндігіне ие болды. Шара барысында кітаптарды сату, денеге хнамен сурет салу қызметі де көрсетілді.

Демеушілер ретінде 14 кәсіпорын қатысты. Олардың қатарында сұлулық салондары, дүкендер, киім-кешек сатумен айналысатын бизнес өкілдері болды.

«Балалардың мәселесін толық шешу қолдан келмесе де, ол туралы жұртшылық білу керек. Бұл мәселеден баршамыз хабардар болсақ, қоғамымыз қайырымды болары сөзсіз. Күрмеуі қалың мәселені шешуге өз үлесімізді қосып жатқан жайымыз бар», - дейді «La vie Добро» еріктілер отрядының жетекшісі Карина Закарина.

Жәрмеңке қатысушылары арасында ұтыс ойыны ұйымдастырылды. Жеңімпаздарға тіл курстары, фотосессияға арналған сертификаттар сияқты сыйлықтар табысталды.

Шараның нәтижесінде 100 мың теңге жиналды. Қаражат аутист-балаларды оңалтуға жұмсалады.