С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті қазақ тілі және журналистика кафедрасының студенттері қазақ телевизиясының 60 жылдығына арналған Х республикалық пәндік олимпиадада жеңіске жетті.

Университет намысын ф.ғ.к, профессор Серік Елікбай жетекшілік еткен команда қорғады. Білімдерін ортаға салғандардың қатарында Досжан Мұратбек, Айкүн Нұхқали және Нұрбөпе Докторханқызы болды. 

Олимпиадаға қатысқан 16 команда Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінде бас қосты. Білім додасы екі кезең бойынша ұйымдастырылды. Болашақ журналистер қазақ журналистика мен медианың жаңа түрлері бойынша білімдерін сараптады, журналистік шеберліктерін де ортаға салды. 

Қатысушылардың айтуынша, оларға түрлі шығармашылық тапсырмалар ұсынылған. Оларды орындау үшін журналистика бойынша терең білім талап етілді. 

Айкүн Нұхқалидің айтуынша, болашақ мамандыққа деген шығармашылық дайындық пен шешендік өнерге басымдық берілді. Мысалы, тарихи тұлғалар немесе жаһандану дәуіріндегі қазақстандық телевидение, Тәуелсіздік жылдарда қол жеткізген табыстар және жастардың қоғамдағы рөлі тақырыптары бойынша шағын эссе жазу тапсырмасы берілді. Студенттер, сонымен қатар, заманауи ақпараттық агенттіктердің тілшісі ретінде материал жазу да жүктелді. 

Айта кетейік, келесі XI республикалық пәндер олимпиадасы С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде өтеді.