2016 жылғы 2 қараша күні С. Торайғыров атынадғы Павлодар мемлекеттік университетінде ERTYS INVEST – 2016 халықаралық инвестициялық форумы өтті.
Форум жұмысын Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов ашып, аймақтың экономикалық әлеуетімен таныстырды.
Құрметті қонақтар қатарында Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов болды. Даниал Кенжетайұлы форумның инвесторлар үшін жаңа мүмкіндіктер ашатынын яғни, кіші және ірі кәсіпкерлік объектілерінің ашылуына жол салынатынын айтып өтті. «Ұсынған жобалардың экономикалық негізінің беріктігі мені қуантады», – деді Даниал Кенжетайұлы. Ол өз сөзінде Павлодар мемлекеттік университетінің еліміздегі үздік бес жоғары мектептер қатарында екенін ескеріп, өзінің де осы оқу орнының түлегі екенін мақтанышпен атап өтті.
Форумның ресми бөлімінде Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму бірінші вице-министрі Альберт Рау, Гомель облысының губернаторы Владимир Дворник, «Strategy Partners Group» компаниясының президенті Александр Идрисов, «Қазақстандық индустрия дамыту институты» АҚ басқарма төрағасы Айдын Құлсейітов, Еуропа қайта құру және даму банкінің Қазақстандағы өкілдігі директорының орынбасары Асқар Намазбаев сөз сөйледі.
Форум алаңдарында аймақтың жаңа экономикалық жағдайындағы инвестициялық мүмкіндіктері, көліктік-логистикалық және энергетикалық инфрақұрылымның дамуы, агроөнеркәсіп және өңір дамуына қатысты басқа да салалардың мәселелері талқыланды.
Сондай-ақ, форум аясында инвестициялық жобалар көрмесі өтіп, С. Торайғыров атындағы ПМУ ғалымдарының ғылыми жобалары қонақтар назарына ұсынылды.
Нәтижесінде Павлодар мемлекеттік университеті «Павлодар» АЭА басқарушы компаниясы» АҚ және «Кастинг» ЖШС ПФ-мен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Құжат негізінде кәсіпкерлік инфрақұрылымын қолдау мақсатында халықаралық ғылыми-технологиялық хаб, инновациялық бірлескен жобаларды орындау көзделуде. Сонымен қатар, келісім бойынша қайта құрылатын инновациялық кәсіпорындар үшін жоғары білікті мамандарды дайындау орталықтарын ұйымдастыру қолға алынады.
Шара аясында өндіріс кәсіпорындары, кәсіпкерлік пен ғылым арасында тікелей байланыс орнату мақсатында «Enterprise’ solutions» эколгиялық кейс байқауы жүзеге асты. ПМУ ғалымдары техника, технология, экономика, экология және ауыл шаруашылығы салаларына енгізуге бағытталған тың 30 жобаларды көпшілік назарына ұсынды.
Форум алаңдарында өңірлік Demo Day стартап академиясының жобалар тұсаукесері өтті. Көрме кезінде инвесторлардың қызығушылығына ие болған жобалар да болды: «Aikerim – design» қазақтың ұлттық киімдерінің заманауи үлгідегі желісі, «Event map» өңір жаңалықтарының мобильді қызметі және басқа да бизнес-идеялар.
Форум шетелдік серіктестермен диалог орнату алаңы ғана болып қоймай, еліміздің әлеуетін паш етті, өндіріске ғылыми жаңалықтарды енгізу бойынша нақты жоспар жасаудың тәжірибелік нәтижесін қолдану аясын кеңейтті және отандық зияткерлік өнім жаһандық нарыққа жол тартты.