Бірінші қыркүйек – Білім күнінде С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде жылдағы дәстүрмен бірінші курс студенттеріне арналған мерекелік шаралар өтті. Ал салтанатты жиында оқу орнының табалдырығын алғаш аттаған студенттерді университет басшылығы мен ұстаздар құттықтады.

Жиынды С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің даму стратегиясы, тәрбие және әлеуметтік жұмыс жөніндегі проректоры, с.ғ.д., профессор Арман Ақышев ашып, студенттерге ақ лебізін арнады. Оның айтуынша, ПМУ – оқу мекемесі ғана емес, ел азаматтарының оң ой-ниеті мен өмір сүру салты қалыптасатын ерекше зияткерлік орта. 

«Құрметті бірінші курс студенттері! Уақыт бір орында тұрмайды. Біз стартап-академия сынды ауқымды бағыттың бастамашысы болдық. Бұл жетістігіміз мемлекеттік деңгейде жоғары бағаланды. Жуырда үкіметтік қаулыда ПМУ тәжірибесі еліміздің басқа жоғары оқу орындарына ұсынылды. Бұл үлкен табыс және біздің университетке артылған зор сенім», – деп мәлімдеді Арман Айтмұхаметұлы.

Жаңа буын студенттерді университеттің Ардагерлер кеңесі төрағасы, техн.ғ.к. Б.Ғ. Жанахутдинов құттықтады. Ол өз сөзінде жастардың бүгінгі күні озық ойлы, білікті маман болуының маңыздылығын атап өтті. «Сіздердің өз елін сүйетін патриот болғандарыңызды қалаймыз. Өйткені, сіздер – Қазақстанның болашағысыздар, еліміз сіздермен мақтанады. Алдарыңызда ашық даңғыл, ақ жол сіздерге!», – деп ақ батасын берді Бари Ғазизұлы. 

Студенттерді жаңа оқу жылының басталуымен жастар ісі жөніндегі комитет төрайымы Ақбота Сарыбай құттықтап, білім алушыларға білім мен ғылымдағы табыстарының зор болуын тіледі. 

Мерекелік шаралар университет филармониясының әншілері мен шығармашылық ұжымдары дайындаған концерттік бағдарламамен ұласты. 

Салтанатты жиын соңында университеттің туы көкке көтеріліп, Сұлтанмахмұт Торайғыровтың ескерткеші алдына гүл шоғы қойылды.