С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің студенті Әсем Жәкіш «Batyr mall – 2016 аруы» атанды.

Павлодар мемлекеттік университеті агротехнологиялық факультетінің екінші курс студенті Әсем Жәкіш Павлодар қаласының  Batyr mall ойын-сауық және сауда орталығының бірінші аруы атына лайықты деп танылды. 

Байқау бірнеше іріктеу кезеңнен тұрды. Бірінші кезеңнен іріктеліп алынған қыздар келесі турда VKontakte, Одноклассники және Instagram әлеуметтік желілерінде дауысқа салынды. Бұл сыннан бес қыз өтіп, модельдік мектепке жол тартты. 

Келесі кезеңде қыздар әдемі болудың қыр-сырын танып, модель мамандығы туралы білді. Арулар мамандардан шеберлік кеңестер алып, би студиясында пластикалық қозғалыс пен әдемі жүруді үйренді. Сондай-ақ, олар кәсіби вокалдан да сабақ алды. 

8 Наурыз – халықаралық әйелдер күнінде байқаудың финалы өтті. Бұл сыннан С. Торайғыров атындағы ПМУ-дың студенті Әсем мүдірмей өтіп, бәске тігілген бас жүлде – Шри-Ланкаға саяхатты ұтып алды. Енді Әсем тек ару атанып қана қоймай, Batyr mall ойын-сауық және сауда орталығының бас келбетіне айналды. 

Әсемнің айтуынша, мұндай сайыстар қыздардың жан-жақты дамуына әрі өз-өзіне деген сенімділікті арттыруға септігін тигізеді.