С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде жоғары оқу орындары мен колледждердің өнерлі студенттері арасында республикалық «Student talents – 2016» байқауының финалы өтті.

Бұл байқауда Астана, Семей, Павлодар, Ақсу, Екібастұз қалаларының жоғары және кәсіптік оқу орындарының дарынды студенттері бағы мен баптарын сынады. 

С. Торайғыров атындағы жастар ісі жөніндегі комитеттің  ұйымдастыруымен өткен өнер додасына алғашқы екі кезеңнен сүрінбей өткен 12 жүйрік қатысты. 

«Student talents» – студенттер шығармашылығының республикалық фестивалі. Дәстүрлі түрде жыл сайын өтетін байқауда студенттер хореография, вокал, әңгімелесу және т.б. жанрларда өнерлерін сынға салады. 

Жүздескеннен бірден дос болып кеткен өнерлі студенттер сахнада бір-біріне шын бәскелес бола білді. Дарын иелері көрермен ықыласына бөленіп, әділқазылар көңілінен де шыға білді. 

Красноармейка аграрлық-техникалық колледж (Павлодар) студенті Ғалымжан Рахымғали мың бұралған пластикасымен көрермендер мен қазылар алқасын таңқалдырып, бас жүлдені жеңіп алды. 

Ал Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтының студенті Бағила Жылқыбай өзінің ерекше әуезді үнімен тыңдармандарды тәнті етіп, бірінші орынды иеленді. 

Екніші орын көпшілікті таңғажайыпқа толы сиқырымен баурап алған Павлодар политехникалық колледж студенті Денис Залыгаевқа бұйырды. 

Өнер сүйер қауымды өзінің әсем әнімен сусындатқан М. Әуезов атындағы педагогикалық колледж (Семей) студенті Медетбек Қырым үшінші орынды еншіледі.

С. Торайғыров атындағы ПМУ ректоры Арын Өрсариевтің айтуынша, байқаудың мақсаты – студенттік жастардың шығармашылығын дамыту, жас таланттардың жарыққа шығуына жағдай жасау, оларға шығармашылық қолдау көрсету. 

– Соңғы күндері ПМУ шығармашылық жобалар орталығына айналып отыр. Міне бүгін республикалық деңгейде таланттар сайысын өткізіп отырмыз. Бүгінгі байқауда бірқатар таланттардың тұсауы кесілді. Байқау дарынды жастарға  шығармашылық даму жолындағы алғашқы баспалдақ болды деп білемін, – деді университет басшысы.