С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде Enactus PSU командасының жобалар жәрмеңкесі өтті.

Жәрмеңкеде «KoumIce» (қымыздан жасалған балмұздақ), «4touch» (жиналмалы жиһаз), «Frozen Yogurt» (мұздатылған йогурт), «Пончита» (үй тоқаштары), «АСАО» (балалар футбол клубы), «ALAU» (шыныдан жасалған бұйымдарды қайта өңдеу және өңдеу), «FoodGo» (асқа тапсырыс беру қызметі), «Әлеуметтік шаштараз» жобасы көпшілік назарына ұсынылды. 

Шара барысында Enactus PSU командасының мүшелері  студенттерге кәсіпкерлікті қалай бастап, оны жүргізудің қыр-сырын айтып берді. Олар «Enactus» бұрышында студенттермен ашық алаң жүргізіп, жас кәсіпкерлерді қолдау жобалары мен олардың мүмкіндіктері турасында баяндап берді. 

Сондай-ақ шара барысында «Garage Sale» жәрмеңкесі өтті. «Garage Sale» жәрмеңкесін «ескі-құсқылар саудасы» деп те атауға болады. Онда кітаптар, кеңсе тауарлары, бижутериялар, ыдыс-аяқ сынды заттар сатылды. Бұл жәрмеңкеден түскен қаражат «Әлеуметтік шаштараз» жобасын жүзеге асыру үшін жұмсалады. 

Бұдан өзге студенттер «Food Fair» яғни, үй пісірмелерінің жәрмеңкесін ұйымдастырды. Бұл сатылымдардан түскен қаражатпен жас кәсіпкерлер «Әлеуметтік шаштараз» жобасын қаржыландырмақ. 

 С. Торайғыров атындағы ПМУ ректоры Арын Өрсариев Enactus PSU командасының инновациялық бағыттағы ғылыми жобаларын жоғары бағалады. Арын Өрсариевтің пікірінше, шыны секілді қауіпті тұрмыстық қалдықтарды өңдеуге бағытталған «ALAU» жобасы қоршаған ортаны қорғаудағы инновациялық жобаларға жол салды.

С. Торайғыров атындағы ПМУ Enactus PSU командасының капитаны Арнагүл Бүркүттің айтуынша, мұндай жәрмеңкелер тек қаражат табумен ғана шектелмей, командалық топта бір мүддеде, бір мақсатқа қозғалуға өз септігін тигізеді. 

– Бүгінгі жәрмеңке жастар арасында кәсіпкерлікті дамытуға, насихаттауға бағытталып отыр. Олар тек қаражат тауып, өз пайдасын көздеуді ғана емес, қоғам игілігі үшін де қызмет етуге жігерленді. Кәсіпкердің әр табысы еліміздің экономикалық дамуына, қарапайым тұтынушының қажетіне жарауы ескерілуі қажет; – деді Арнагүл.