2014 жылдың 8 сәуірінде С. Торайғыров ат. ПМУ-да академик С. Бейсембаев атындағы ғылыми кітапхананың Қазақ әдебиеті бөлімінің ұйымдастыруымен Қазақстанның халық ақыны, халық жазушысы, журналист, қоғам қайраткері Фариза Оңғарсынованың шығармашылығына арналған «Поэзия падишасы» атты әдеби кеш өтті.
Әдеби кеш Фариза ақынның тағылымды да өнегелі мол мұрасын студенттік жастарға насихаттау, жастардың бейілін қазақ поэзиясына тарту, Фариза Оңғарсынованың шығармалары арқылы адами құндылықтар мен адамгершілік қағидаттарын студенттер бойына сіңіру сынды қасиетті мақсаттарды арқалады.
Кешті ұйымдастырушылар С.Бейсембаев атындағы ғылыми кітапхананың Қазақ әдебиеті бөлімінің меңгерушісі Жүрсилә Абильдинова Қайроллақызы мен Қазақ филологиясы, Қазақ тілі мен әдебиеті және Журналистика топтарының 1 курс студенттері.
Фариза Оңғарсынова 1961 жылы Гурьев мемлекеттік педагогикалық институтының тіл-әдебиет факультетін бітіріп, қазақ орта мектептерінде мұғалім болып қызмет етуден бастаған. 1966 жылы Гурьев облыстық «Коммунистік еңбек» газетінің партия тұрмысы бөлімінде әдеби қызметкер міндетін атқарған. Республикалық «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш») газетінің Ақтөбе, Гурьев, Орал облыстары бойынша меншікті тілшісі, республикалық «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») журналының бас редакторы, «Пионер» (қазіргі «Ақ желкен») журналының бас редакторы болып еңбек етеді. 2000–2004 жж. ҚР Мәжілісінің депутаты болды.
Фариза Оңғарсынованың өлеңдерін студенттер – Асылхан Болат, Сайлауова Фариза, Мұхитов Қасымхан, Абишева Алина және Мереке Амантай оқыды. Жас ақын Мереке Амантай ақынның «Мен саған ғашық емес ем» атты өлеңін оқып, жырсүйер қауымды оқу мәнерімен тамсандырып, құлақ құрышын қандыратын жыр өрнегін көрсетті.
Ақын 2014 жылдың 23 қаңтар күні Астана қаласында ұзақ сырқаттан дүниеден өтті. Алайда, көзі тірісінде «Поэзия падишасы» атанған ақынның мұрасын өскелең ұрпақ еш ұмытпайтыны хақ. Оған С.Торайғыров атындағы ПМУ жас ақындарының жүрегінен шыққан Фариза ақынға арнаған жыр арнаулары дәлел бола алады. Жүнісхан Дәурен, Ермағамбет Еламан өздерінің шабыт қаламынан және Жасұлан Мөлдір анасының көңіл пернелерінен туған ақынға арнауын көпшілікке ұсынды.
Қазақтың белгілі ақындарының Фаризаға арнаған сазды жырлары кештің сәнін келтіре түсті. Ақын поэзиясына ғашық жандар әсем әуезді әндер мен лирикалық жырларға әбден қаныққаны анық.