Саида Ахметқызы 36 жылдан астам уақытын кітапхана ісіне арнады. Ол – өз ісінің майталманы, «ҚР білім саласындағы құрметті қызметкері» алқа белгісімен, 2 рет А. Байтұрсынов медалімен, С. Торайғыровтың мерейтой алтын медалімен, білім Министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталған. 2012 жылы «Қазақстандағы кітапхана ісінің тарихнамасы. 1912-1991 жылдар» тақырыбына кандидаттық диссертация қорғады.
13 жыл бойы басшылық қызмет атқару барысында кітапхананы дамытуға қатысты көптеген өзгерістерді енгізуге мұрындық болды: қазақ әдебиеті, көркем әдебиет секторларының, «Қазақстан халқының кітапханасы» оқу залының, Электрондық ресурстар залының ашылуы, «ИРБИС», «Ортақ электрондық кітапхана» (ҒТАҒО), «Студенттік электрондық кітапхана» бағдарламаларын енгізу және т.б.
Кітапхана жұмысы туралы, оның жеңістері мен нақтылы шығармашылық жетістіктері жөнінде көптеп айтуға да, жазуға да, мысалдар келтіруге де мүмкіндік мол. Осының барлығы ынталы директор мен позитивті де сенімді бағыт алған ұжым қызметінің нәтижесі екенін айтқымыз келеді.
Саида Ахметқызы журналистерге берген бір сұхбатында: «мен өз жұмысымды шексіз сүйетін, мамандық таңдауыма бір де бір кәманданбаған адаммын, кітап пен оқырманға қызмет етудегі игілікті ісіме адалмын», – деген болатын.
Оны әріптестері кәсіби шеберлігі мен шыншылдық, әділеттілік, тік мінезділік, өз басшылығындағы адамдарға деген мейірімділік сынды жеке қасиеттері үшін сыйлап, құрметтейді. Бүгінгі күнде оның қарамағында 44 маман қызмет етуде, олардың әр қайсысына жіті көңіл бөліп, қамқорлық көрсетуден аянбайды. «Адамгершілік қасиетің болмаса, әділетті болуың да мүмкін емес» деген нақыл сөзді ұнатуының сыры да осында болса керек.
Үнемі жинақы, сырт келбеті тартымды бейнесі бірден өзіне көңіл аудартады. Дегенмен осы сыртқы тартымдылығының астарында үлкен еңбек, барлық күш-жігерін, жан жылуын, ұйымдастырушылық қабілетін сарп еткен өз ісіне деген адалдық жатқаны анық.
Саида Ахметқызы – адал жар, қызы Гүлмира мен ұлы Дәуренді тәрбиелеген сүйікті ана, үш немеренің әжесі, дәмді ас дайындап, гүл өсіріп, саяжаймен айналысып, ұнамды киім кие білетін шебер үй иесі де.
Ғылыми кітапхана ұжымы Саида Ахметқызын 22 ақпанда болатын туған күнімен құттықтай отырып, жақсы көңіл-күй, мықты денсаулық, бақыт, зор табыстар тілейді!
Академик С. Бейсембаев атындағы ҒК-ның әдістемелік жұмыстар бөлімінің меңгерушісі: Әлжанова Б. С.
ҒК-ның бас маманы: Ергожина А.Т.