Профессор Қ. Қ. Қайырбаев атындағы кванттық физика және зат құрылымының зертханасы

Қайырбаев Қанатбек Қайырбайұлы

Өмірбаян

 

Қ. Қ. Қайырбаев 1939 жылы 10 тамызда Павлодар облысы Краснокутск ауданы "Жаңатап" колхозында дүниеге келген. 1963 жылы желтоқсанда Новосібір мемлекеттік университетінің физика факультетін "Физика" мамандығы бойынша бітірді. Еңбек жолын 1964 жылы 3 қаңтарда Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтының "Физика және математика" кафедрасында бастады. 1979 жылы Қазақ КСР Ғылым Академиясының Сейсмология институтында "Қарапайым формадағы кристалданатын интрузивтердің термоядролық жағдайы" тақырыбында кандидаттық диссертация қорғады. Ғылыми-педагогикалық жұмыс өтілі 40 жылдан асады.

 

Қ. Қ. Қайырбаев еңбек қызметі барысында теориялық және жалпы физика кафедрасының меңгерушісі (1972-1977), физика-математика факультеті деканының орынбасары, физика-математика факультетінің деканы (1984-1990), физика және физиканы оқыту әдістемесі кафедрасының меңгерушісі (1990-1995) қызметтерін атқарды. С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің құрамында физика кафедрасының профессоры болған (1996-2004).

Қ. Қ. Қайырбаев кванттық физика, классикалық механика саласындағы оқу-әдістемелік құралдар, терминологиялық сөздіктер, ғылыми мақалалар сериясының авторы.

Жұмыс барысында бірнеше рет ведомстволық наградалармен марапатталды, "КСРО Жоғары білім беру саласындағы үздік жетістіктері үшін" төсбелгісімен, "Еңбек ардагері"медалімен марапатталды.