Павлодарлық түлектердің 86%-ы ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуға өтініш берді, бұл барлық жылдар ішінде оқуды жалғастыруға және жоғары білім алуға тілек білдірушілердің рекордтық көрсеткіші.
Биылғы жылы Павлодар облысында 3 770 жоғары сынып түлектері үшін соңғы қоңырау соғылады, оның ішінде 3 252 түлек ҰБТ-ға қатысады. Білім және ғылым министрлігінің тестілеу орталығы филиалының жетекшісі Сәния Ниязова мәлімдегендей, өтініш берудің дистанциялық формасы еліміздің ЖОО-на түсу үшін тест тапсыруға тілек білдірушілерге барлық шектеулерді алып тастауға мүмкіндік берді.
Біз мектептермен үлкен жұмыс жүргіздік, оқушыларға электронды портал арқылы құжаттарды тапсыруға көмектестік. Биылғы жылғы түлектерден басқа, ҰБТ-ға мектепті бұрын бітіргендер, сондай-ақ колледж оқушылары қатысатынын ескере отырып, біз Павлодар облысының жоғары оқу орындарында талапкерлер санының айтарлықтай өсуіне дайындалып жатырмыз.
С. Торайғыров атындағы ПМУ да білім алушылар санының айтарлықтай өсуіне дайындалатынын мәлімдейді. Оған себеп ретінде тек қолайлы сыртқы факторларды ғана емес, сонымен қатар ішкі үдерістердің елеулі өзгерістерін де атайды, осылардың арқасында Павлодарлық ЖОО жыл өткен сайын қарыштап, еліміздегі үздік бес ЖОО қатарына енді. Бүгін Аккредиттеу және рейтингтің тәуелсіз агенттігінің (АРТА/IAAR) жариялаған ұлттық жоғары оқу орындарының қажеттілік рейтингінде 89 қатысушының арасынан С. Торайғыров атындағы ПМУ 5-ші орынды иеленді.
Рейтингті құру кезінде бірқатар көрсеткіштер есепке алынады: профессор-оқытушылар құрамының халықаралық рейтингтік журналдарда ғылыми еңбек жариялау сапасы, ҚР БҒМ гранттарына жүзеге асырылған табысты жобалар, марапаттаулар мен мемлекеттік стипендиялар, патенттер саны, түлектерді жұмысқа орналастыру, олимпиадалардағы жеңістер, үздік студенттер, шетелдік жоғары оқу орындарымен ынтымақтастық және т. б.
«Жылдан-жылға біз барлық профессорлық-оқытушылық құрамның Павлодар облысының жетекші кәсіпорындарымен және кең халықаралық байланыстардың белсенді ынтымақтастығының арқасында қазақстандық жоғары оқу орындарының рейтингісінде жоғары позицияны иеленеміз», – деп есептейді академиялық жұмыс жөніндегі проректор Петр Быков.
ҰБТ-ны табысты тапсырған колледж түлектері жоғары білім алуға мемлекеттік жалпы білім беру грантын алу конкурсына қатыса алады. С. Торайғыров атындағы ПМУ-дың Қабылдау комиссиясының жетекшісі Тамара Бильдің айтуынша, биыл өткен жылмен салыстырғанда колледж түлектерінің арасында ЖОО-да өз мамандығы бойынша оқуды жалғастырғысы келетіндердің саны да артты.