С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде агротехнологиялық факультеттің 10 жылдығына арналған «Инновациялар - ауылы шаруашылығына» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Ауыл шаруашылығы ғылымының негізгі мәселелерін талқылауға Қазақстан, Ресей және Чехия елдерінің сарапшылары мен ғалымдары жиналды.
Жиын барысында сөз алған университет ректоры, филос.ғ.к. Гаухар Ахметова факультет қалыптасқан сәтінен бастап агроөнеркәсіп кешенінің білікті мамандарын даярлаудың жетекші орталығына айналғанын тілге тиек етті. Факультет 10 жылдың ішінде дарынды ғалымдар мен зертеушілердің, сондай-ақ, мықты оқу-материалдық базаны қалыптастырды.
«Қазақстандық жоғары оқу орындары арасында студенттердің оқу жетістіктерін сыртқы бағалаудың нәтижелері бойынша бұл факультет жетекші позицияларға ие. Біздің сарапшылар ауыл шаруашылығы саласының жоғары сұранысқа ие бағыттарының дамуына сүбелі үлестерін қосты. Бүгінде ғалымдардың арқасында болашағы зор мектеп қалыптасты. Факультет ғалымдарының ғылыми жобалары аймақтағы мал шаруашылығы, азық-түлік өндірісі, агрономия салаларында кең қолданысқа ие», - дейді Г. Ахметова.
Конференция барысында Сұлтанмахмұт Торайғыровтың 125 жылдығына арналған медальдермен марапаттау салтанаты өтті. Сонымен қатар, факультеттің 10 жылдығына арналған фильм мен төрт кітаптың тұсаукесері ұйымдастырылды. Жаңа құралдардың қатарында факультеттің құрылу шежіресі, конференция материалдарының жинағы, ғылыми мақалалардың библиографиялық анықтамасы мен «Ұлғалатты ұстаз, ғалым» кітабы бар.
Конференция жұмысы алты секция бойынша жалғасын тауып, бұл секцияларда өсімдік және жануарлар әлемін тиімді пайдалану, өнеркәсіптік экология, экологиялық білім беру және өзге мәселелер талқыланбақ.