Павлодар облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасы, «Асыл заман» қоғамдық қоры мен жас ғалымдар Кеңесінің ұйымдастыруымен «Жас ғалым» байқауы өтті.
Дәстүрлі шараның мақсаты – жас ғалымдардың ғылыми әлеуетін арттыру және ғылыми-техникалық шығармашылықтың аясын кеңейту шеңберінде ғылыми бастамалар мен бағдарламалары қолдау, сонымен қатар, дарынды жастарға көмек көрсету.
Зияткерлік шараға 29 жасқа дейінгі жас ғыламдар қатысты. Байқау 5 аталымнан тұрады. С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінен 18 өтініш ұсынылды.
Конкурстық комиссияның шешімі бойынша ПМУ-дің 8 жас зерттеушісі жүлделі орындарға ие болды. «Үздік инновациялық жоба» аталымы бойынша бірінші деңгейлі дипломмен химия және химиялық технологиялар кафедрасының студенті Рамазан Мұхтар ие болды.
«Жас магистр» аталымы бойынша үшінші деңгейлі дипломға химия және химиялық технологиялар кафедрасының оқытушысы Диас Төлегенов ие болды. «Жас магистрант» атылымы бойынша екінші деңгейлі дипломмен философия және әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының магистранты Салтанат Мұхаметжан, үшінші деңгейлі дипломмен Қазақстан тарихы кафедрасының магистранты Рамиль Смаилов марапатталды. Механика және мұнай-газ ісі кафедрасының оқытушы-ассистенті Ризагүл Дүйсенова «Жас докторант PhD» аталымы бойынша екінші деңгейлі дипломға ие болды. Қоршаған ортаны қорғау және кәсіби оқыту кафедрасының аға оқытушысы Ирина Чидунчи - бірінші деңгейлі диплом иегері, энергетика факультетінің ғылыми жұмыс жөніндегі орынбасары Александр Нефтисов - екінші деңгейлі диплом иегері, химия және химиялық технологиялар кафедрасының аға оқытушысы Әсия Касанова - үшінші деңгейлі диплом иегері.
«Осындай байқаулар өңіріміздегі оқу орындарының оқытушыларына ортақ алаңда бас қосып, өз жобалары мен өнертабыстарын таныстыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, түрлі бағыттағы жаңашылдықтарды көріп, идеялармен алмасуға жол ашады», - дейді И. Чидунчи.