С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде «Кастинг» ЖШС-мен бірлескен «Инженерлік шығармашылықтың заманауи технологиясы» атты шеберлік сыныбы ұйымдастырылды.
Шараны өткізудегі мақсат – өнертапқыштық тапсырмаларды орындаудың технологиялары мен әдістерін меңгеру.
Қатысушыларға жобалау ойлаудың жаңа мәдениетін дамыту, кәсіпорындарды модернизациялау және өнертапқыштық тапсырмаларды шешу теориясы туралы т.ғ.д., профессор, Модерн ТРИЗ аспаптық Академиясының жетекшісі Михаил Орлов (Берлин қ., Германия) айтып берді.
«Біз өнертапқыштық тапсырмаларды шешу теориясы негіздерін оқытудың әдістерін дамыту бойынша кәсіби жұмыс жасауды бастадық. Модерн ТРИЗ бағыты пайда болды. Біз оқытуды тез жүргізуге мүмкіндік беретін әдістемелік ережелер, схемалар, модельдер мен мысалдарды ұсынамыз», - дейді М. Орлов.
Ғалым жаңашыл теорияның менеджмент және әлеуметтік басқару үрдістеріне ғана емес, білім беру үрдістеріне де кіріктірудің маңыздылығына тоқталды.
«Бүгінгі таңда бұл базалық кәсіби тәжірибесі бар адамдар арасында сұранысқа ие. Мәселенің шешімін тауып жатырмыз. Қазіргі уақытта өзіміздің ресурстарымыз бен құрылымымыз бар, ал оның шешімі даму тетігі болмақ. Инженерлер кәсіби тәжірибелерін ТРИЗ теориясының креативті құралдарымен байланыстыруда», - дейді Михаил Орлов.
Кездесу барысында студенттер қызықтырған сұрақтарына тұшымды жауап алып, кәсіпорындардың өзекті мәселелері бойынша экспресс-кеңес алу мүмкіндігіне ие болды. Қонақтар үшін Академияның оқулықтары мен басқа материалдары таныстырылды.
Еске сала кетсек, бұл – Михаил Орловтың Павлодар облысына алғашқы жұмыс сапары емес. «Кастинг» ЖШС-і ТРИЗ теориясын қолданудың арқасында 3 млн. теңгеге жуық қаржыны үнемдеді.