С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің ғалымдары «Ірі қара мал өнімділігін арттыру үшін эибриондарды трансплантациялауды енгізудің тиімділігі» семинарында жаңа технологияларын ұсынды.
Шара Шарбақты ауданы Орловка ауылындағы «Победа» ЖШС базасында өтті. Семинарға ауыл шаурашылығы өнімдерін өндірушілер, ауыл шаруашылығы бөлімдерінің мамандары, асылдандыру инспекциясының өкілдері қатысты.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Марат Шұғаев сөз алып, ауыл шаруашылығы саласында еңбек өнімділігін арттыру үшін жаңашыл инновацияларды енгізу керек. Бұл тұрғыда эмбриондарды трансплантациялау жоғары өнім беретін үй жануарларының санын арттыруға мүмкіндік береді.
«Біздің фермерлерге бұл технологияларды селекциялық жұмысқа енгізу керек. Оған қоса, биылғы жылдан бастап мемлекет тарапынан эмбриондарды трансплантациялауға субсидиялар бөліне бастайды», - дейді Марат Шұғаев.
С. Торайғыров атындағы ПМУ агротехнологиялық факультетінің деканы, а-ш.ғ.д, профессор Тоқтар Бексейітов аталмыш технология әлем елдерінде кең қолданыста болса да, облыста алғаш рет енгізілген.
Ғалымдар қол жеткізген алғашқы нәтижелер жаман емес. Трансплантациядан кейінгі эмбриондардың жетілуі 60-70 %-ды құрайды.
«Мәселен, мол сүт беретін сиырлардан дәстүрлі табиғи жолмен бір бұзау аламыз. Ал жылына бірнеше рет эмбриондарды өнімділігі аз суррогат сиырларға ауыстырсақ, жақсы мал алуға болады. Технологияның артықшылығы да осы», - дейді Т.Бексейітов.
«Победа» ЖШС-нің директоры А.В. Поляков эмбриондарды трансплантациялау технологиясы өнімділігі көп сиырлардың қатарын арттыруға сеп болатынын айтты.
Айта кетейік, өнімді инновациялауды ынталандыру жобасы ҚР Білім және ғылым министрлігі мен Бүкіләлемдік банктің қаржылық қолдауының арқасында жүзеге асырылды. Сонымен қатар, семинар барысында ғалымдар эмбрион-сиырлардың донорларын көрсетті.