Қазақстан халқы Ассемлеясының өкілдері С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетіне жұмыс сапарымен келді.
Университетке келген қонақтардың қатарында «Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысы төрағасының орынбасары, «Жарасым» республикалық жастар ұйымының төрағасы Тимур Джумурбаев, ҚР Президенті Әкімшілігі жанындағы «Қоғамдық келісім» республикалық мемлекеттік мекемесінің жастармен жұмыс жөніндегі сарапшысы Динара Макубаева болды.
Павлодар облыстық ҚХА-ның ғылыми-сарапшылық тобының мүшелері мен қонақтардың қатысуымен өткен дөңгелек үстел барысында ҚХА жанындағы жастар қозғалысының дамуы турасындағы ойлар мен идеялар айтылып, атқарылған істерін қорытындылады. Сонымен қатар, болашаққа межелеген жоспарларымен бөлісті.
«Қазақстан халқы Ассамблеясының жастар қозғалысы еліміздегі жастар ұйымдарының жұмысына мониторинг жүргізіп келеді. Ал С. Торайғыров атындағы ПМУ жанындағы студенттік Ассамблея алғашқы ашылған бірлестік болумен қатар, еліміздегі ең үздік ұйым екенін қуанышпен айта аламын. Бұл – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатын жүзеге асыруға атсалысып жүрген жоғары оқу орнының жетекшілігі, белсенділер мен ұйым төрағасының ортақ жетістігі», - дейді Тимур Джумурбаев.
Астаналық меймандар университетпен танысуды Қазақстан халқы кітапханасынен бастады. Бұл кітапханада 5 мыңнан астам этникалық әдебиет жинастырылған. Қонақтар Л. Серғазина атындағы баспасөз орталығының жұмысымен танысып, университеттің этникалық бұқаралық ақпарат құралдарымен әріптестік қарым-қатынас орнату механизмдері мен «ПГУ-FM» студенттік радионың жобалары туралы мағлұмат алды.
«С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті туралы көп естідім. Жоғары оқу орнында атқарылған игі істерге көзіміз жетті. Студенттік Ассамблея мен кафедраның жұмысы оң жолға қойылған. Қазақстан халқы кітапханасы мен баспасөз орталығының қызметі көңілімнен шықты. Алдағы уақытта көптеген жобаларды бірлесіп жүзеге асырамыз деген ойдамын», - дейді Динара Макубаева.