Алматы қаласында «Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігі мен SUCCESS К стратегиялық коммуникациялар агенттігі ұйымдастыруымен БАҚ-тағы айла-шарғылар, саналы алдау, фейк мәселелерін көтеруге арналған дөңгелек үстел өтті.
Бұл шараға Әл – Фараби атындағы ҚазҰУ, ЕҰУ, AlmaU, ХАТУ, UIB, ҚМЭжБИ, Абылайхан атындағы ҚХҚжӘТУ және тағы басқа жоғары оқу орындарындағы журналистика мамандығының кафедра меңгерушілері, оқытушылары мен студенттері және БАҚ өкілдері қатысты. Шара барысында журналистің этикалық кодексі, сын мен жалған ақпарат межесі, журналистің қателесуі, жалған ақпарат пен фейк мәселесін реттейтін органның қажеттілігі сияқты т.б. мәселелер қарастырылып, қызу талқыланды.
Шараға С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік универсиетінің «Қазақ тілі және журналистика» кафедрасының меңгерушісі Айман Зейнулина қатысты.
- Журналистика мамандығы бойынша оқытылатын пәндердің қажеттісін сұрыптап, бірізділендіріп,білім беру стандартын жасап бекіту керек. Салалық журналистерді даярлаудың да мезгілі жетті. Студенттер мен магистранттардың практикадан өтетін республика бойынша медиаорталықтары болу керек. ЖОО – да журналистика мамандығын игеруге байланысты замануи техникалармен толық жабдықтау күн тәртібінен түспеу қажет. Жас журналистердің жұмысқа орналастыру бойынша жеткілікті шаралар жүргізілу керек. Әйтпесе, бүгінгі таңда журналистік білімі жоқ әншілер мен артистер телерадиожурналистиканы басып кетті, - деді ол.
Дөңгелек үстел соңында қордаланып қалған мәселелерді шешу жолдары туралы ұсыныстар айтылды. ЖОО-да журналистика мамандығы бойынша мамандарды сапалы дайындау үшін өзара кәсіби бірлестікте жұмыс жасау мақсатында келісімдер жасалынды.