2017 жылдың 19 қазанында С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде көрнекті жазушы, қоғам қайраткері, мәдениеттанушы, ф.ғ.к. Мұрат Әуезовтің шығармашылық кеші өтті.
Іс-шараға ҚР Білім және ғылым министрлігінің жауапты хатшысы Арын Орсариев, Павлодар облысы әкімінің орынбасары Мейрам Бегенаев және өңірдің зиялы қауым өкілдері қатысты.
Іс-шара барысында автордың «Времен связующая нить» және «Ділім» атты екі кітабының тұсаукесері болды.
С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің ректоры, фил.ғ.к. Гауһар Ахметова өз сөзінде Мұрат Әуезовтың жаңадан басылған қос туындысы қазіргі қоғамда халқымыздың рухани және мәдени құндылықтарын дамытуда зор рөл атқаратынын атап өтті.
Сондай-ақ, университеттің даму стратегиясы, білім беру және әлеуметтік жұмыс жөніндегі проректор Арман Ақышев та жоғары бағасын берді.
Биыл ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің туғанына 120 жыл толды. Мұрат Мұхтарұлының «Времен связующая нить» және «Ділім» атты жаңа кітаптар да оның өмір жолына негізделіп жазылған екен.
Мұрат Мұхтарұлы жастардың сұрағына аса ілтипатпен жауап бере отырып, Павлодар өңірінде талантты жастар шығып келе жатқанын және әлемге әйгілі Қ.Сәтбаев, С.Торайғыров сынды ұлы тұлғаларды дүниеге әкелген өңір екенін атап өтті.
«Жастар өздеріне артылған жүкті қайыспай көтере білуі керек. Өз еліңіз бен жеріңіздің гүлденуіне үлес қосу үшін дені сау және күшті ұрпақ керек» деді өз сөзінде.
Шара барысында Мұрат Әуезовке университеттің құрметті профессоры атағы берілді.
Қадірлі қонағымыздың құрметіне арнау қазақ және қытай тілдерінде айтылды. Бұл Мұрат Әуезовтің кезінде Қазақстанның ҚХР-дағы елшісі болып қызмет істегенін және екі ел арасындағы халықаралық қатынастардың дамуы жолында тер төккенін білдіреді.
Шара барысында қатысушылар өздерінің қызықттырған сұрақтарын қойып, тұщымды жауап алды.