Жуырда «Психология және педагогика» кафедрасының оқытушылары «Әлеуметтік қызметкерлердің кәсіби жұмысындағы эмоционалды күйіну синдромының алдын алу» семинарына қатысты.
Шара Павлодар қаласының әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі «Тұрғындарға әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен өтті.
Кездесуде қауымд. профессор, PhD доктор Адиля Самекин және оқытушы Самал Антикеева баяндамаларын оқыды. Олар жиылғандарға қызметкерлердің сабырлылығын арттыру әдістері туралы баяндап, эмоционалды күйіну синдромының алдын алу турасында кеңес берді.
Самал Антикееваның айтуынша, аталмыш орталықтың қызметкерлері мүгедек балалармен үй жағдайында жұмыс жасайды және олардың отбасымен де байланыста болады, осы жағдайда эмоционалды шаршаудың жоғары деңгейі белгіленеді. Қызметкерлер тарапынан ПМУ-нің психология және педагогика кафедрасына әріптестік қолдауға өтініш түсті.
«Азаматтардың әлеуметтік көңіл күйі көп жағдайда әлеуметтік қызметкерлердің кәсібилігі мен жеке сапасына қатысты болады. Олардың жұмыстарының негізі қайрымдылық, адамдық, адамның қайғысына ортақтасып алаңдаушылық танытудан тұрады. Әлеуметтік қызметкер мамандығы екіжүзділікті көтермейді. Сондықтан, мамандардың жеке қасиеттері олардың табыстылығына тікелей әсер етеді. Бұл жандардың басты байлығы – жоғары кәсібилік біліктілігі мен олардың адамдық қасиеттері. Цицеронның айтуынша, көмекке зәру болған адамға көмектесу үшін бар күшімізді салу – біздің басты міндетіміз саналады. Әлеуметтік қорғау жүйесінде адам өміріне бей-жай қарамайтын, өз еңбегін адамдық борыш деп қабылдайтын жандар жұмыс жасай алады», – дейді Самал Қанатқызы.