Белгілі қазақстандық ғалым, Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері, техника ғылымдарының кандидаты, профессор Торпищев Шамиль Камильұлы 2017 жылы 13 сәуір күні 60 жылдық мерейтойын атап өтер еді.
Ш. Торпищев Павлодар индустриалды институтында кәсіби білім игерді, Бетон және темірбетон ғылыми-зерттеу институтында (Мәскеу қ.) аспирантуралық білім алды. Ол сәулет-құрылыс факультетінде 30 жылдан астам уақыт еңбек етті. Ғалым 160 ғылыми және әдістемелік еңбектердің, 80 ғылыми өнертабыстардың авторы.
Шамиль Торпищев – өз ісінің білгірі, біртуар зерттеуші, өңір мен республикаға танымал ғалым. Мәскеуде ХШЖК-ның (ВДНХ) күміс медалімен марапатталған, Қазақстанның «Шапағат» марапатының иегері, Қазақстан Республикасының ең белсенді өнертапқышы және Қазақстанның құрметті құрылысшысы, әлем оны құрылыс материалдары, RILEM жүйелері мен құрылымдары саласындағы Зертханалар мен сарапшылардың халықаралық одағының (Франция, Париж қ.) мүшесі деп таниды.
Ғалымның 60 жылдығы құрметіне С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде атаулы дәрісхананың салтанатты ашылуы мен Шамиль Торпищевтің жобалары негізінде жеңіл бетоннан жасалған құрылыс бұйымдары өндірісінің желісі іске қосылды.
С. Торайғыров атындағы ПМУ-нің ректоры, с.ғ.д., профессор Арын Өрсариевтің ескеруінше, Ш. Торпищевтің еңбектері әлеуметтік сұранысты қанағаттандыруды мұрат етті.
«Ғалымның құрылыс және көлік саласындағы жасаған ғылыми еңбектері мен оқу-әдістемелік оқулықтары ғылыми тұрғыда да, тәжірибелік тұрғыда да іргелі ғылым саласы үшін өте маңызды болды. Ең бастысы, ғалым жұмыстарының нәтижесін одан әрі іс жүзінде қолдану үшін, әр түрлі практикалық қолданбалы ғылым негізінде дәлелдеп, тікелей өндіріспен байланыстыра білді», – деді Арын Амангелдіұлы.
Сондай-ақ, еске алу кешінде Шамиль Торпищевтің монографиясы – оның қорғауға үлгермеген докторлық диссертациясының тұсаукесері өтті. Жиылғандардың назарына ғалымның өмірі мен шығармашылығын баян еткен бейнефильм ұсынылды.
Шамиль Камильұлының достары мен әріптестері, шәкірттері мен тілектес жандардың жүрекжарды естеліктері «Непрерывный полет» кітабына топтастырылып, оқырман қауымға жол тартты.
Ғалымның мерейтойын тойлау ғылым қызметкерлері күніне дөп келіп, ғылыми қауымдастықтың мерейін асыра түсті.
Бұдан өзге, С. Торайғыров атындағы ПМУ қабырғасында өткен жас ғалымдар, магистранттар, студенттер мен мектеп оқушыларының «ХVII Сәтбаев оқулары» халықаралық ғылыми конференциясы аясында өнеркәсіптік, азаматтық және көлік құрылысы саласы бойынша техн.ғ.к., профессор Ш.К. Торпищевтің 60 жылдығына араналған секция жұмыс жасады.