С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде техника ғылымдарының докторы, Халықаралық шығармашылық академиясының академигі Ахметбаев Дәурен Садықұлының 70 жылдық мерейтойы құрметіне салтанатты жиын өтті.
Ғалымның 100-ден аса ғылыми және әдіснамалық жұмыстары, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі ұсынған оқу құралы, 16 оқу-әдістемелік құралдары, 3 монографиясы, ғылыми басылымдары жарыққа шыққан. Оның еңбектері өндіріске енгізіліп, ғылыми зерттеулері еліміздің энергетика саласын дамытуға өзіндік үлес қосты.
С. Торайғыров атындағы ПМУ ректоры, с.ғ.д. Арын Өрсариев мерейтой иесін құттықтай келе, оның көп жылғы еңбегіне баға берді: «Ғалым өз ісінің шебері, энергетика саласында есімі мойындалған кәсіпқой маман. Дәурен Ахметбаев Қазақстандағы энергетика ғылымын дамыта жүріп, бұл саланы халықаралық деңгейге өсіруге көп еңбек сіңірді. Бұған оның жұмыстары айғақ бола алады. Мәселен, Дәурен Садықұлының диссертациялық жұмысы барысында алғаш рет Екібастұз ГРЭС-1-де 500 кВ желісінде электронды синхронизатор өндіріске енгізілді».
1976 жылы Павлодар индустриалды институтының «Электрлік желілер және жүйелер» кафедрасында аға оқытушы болып қызметін бастаған Дәурен Садықұлы декан орынбасары, кейін энергетикалық факультеттің деканы қызметіне дейін кәсіби өседі. Ол сол жылдары университеттің, факультеттің өсіп-өркендеуі жолында аянбай қызмет етті. Кеш барысында Дәурен Ахметбаевты университет алдындағы ерекше қызметі үшін Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы Алтын медалімен марапаттады.
Ғылыми кездесудің құрметті қонақтары ретінде энергетика және білім беру саласында ғалыммен бірге еңбек еткен әріптестері мен шәкірттері келді. Жиынға э.ғ.д., профессор, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Асхат Күзеков, техн.ғ.д., «ЭКО Ватт» ЖШС бас директоры Марат Қамбаров, техн.ғ.д., профессор Иманәлі Ахметов, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Шахимардан Әбілов, э.ғ.к., «Павлодар облысы энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы» мемлекеттік мекемесінің басшысы Нұрлан Машрапов, Павлодар қалалық тұрғын үйлер арасындағы электрлік жүйелер кәсіпорнының бас инженері Павел Морозов, Павлодар электр желілері бас инженері Сергей Кириленко, С. Торайғыров атындағы ПМУ энергетика факультетінің деканы, техн.ғ.к., профессор Александр Кислов, «Электр энергетикасы» кафедрасының меңгерушісі, техн.ғ.к., доцент Вадим Марковский қатысты.
Кеш барысында Дәурен Ахметбаевтың «Қазақстанның жел және су энергетикалық ресурстарын қарқынды пайдалану негіздері» және «Повышение эффективности ветро- и гидроэнергоресурсов» ғылыми еңбектерінің тұсауы кесілді. Және де ғалымның еңбектеріне арналған кітап көрмесі көпшілік назарына ұсынылды.