С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетіне Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің жауапты хатшысы, саясаттану ғылымдарының докторы, профессор Әмірхан Рахымжанов жұмыс сапарымен келді.
Әмірхан Мұратбекұлы университет қабырғасындағы жаңа коворкинг орталықты аралап, стартапшылардың жобаларымен танысып, олардың жаңа идеялары мен стартаптары туралы ақпаратқа қанықты.
Әмірхан Рахымжанов өз сөзінде университеттерді тәмамдаған студенттерге «балықты беріп» қана қоймай, оны аулауға үйрету керектігін айтты, яғни, кәсіпкерлік бағыттағы жоғары оқу орындарын дамыту қажеттігіне баса назар аударды.
– Біз адамдарға өздерінің және мемлекеттің қаражатын есептеуді үйретуіміз қажет, сонда бюджеттегі қаржы дұрыс жұмсалады, үнемделеді, сонда ғана біздің мемлекет алға дамиды, – деді А. Рахымжанов.
«Бүгінгі күні сіздердің университеттің жинақтап жатқан тәжірибесі өз жемісін беруде. Шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту – еліміздің болашағы. Бес жыл бұрын жастар өз кәсібін бастауды білген жоқ, ал қазір сіздер студенттерді, тіпті, оқушыларды кәсіпкерлікке баулудасыздар. Мен бұл оқу ордасын жақсы білемін, бірнеше жылдың ішінде университет қарқынды дамып келеді. Ол алдымен, мемлекеттің және ақылды басшының арқасы деп білемін. Баршаға танымал «Болашақ», «Мәдени мұра» сынды баламасы жоқ бағдарламалар Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен жүзеге асты. Міне, «Болашақтың»12 мың түлектері әлемнің алдыңғы қатарлы жоғары мектептерінде білім алып, үздік тәжірибелерімен еліміздің өркендеуіне өз үлестерін қосуда. «Болашақтықтардың» бірі – сіздердің ректорларыңыз. Елбасының көздегеніндей, бүгінде олар ел дамуына табысты еңбек етуде», – деді Әмірхан Мұратбекұлы.