С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде көптен күткен студенттердің өмірі жайындағы толықметражды «Ради тебя, зачёт!» фильмінің тұсауы кесілді.
Бұл фильмнің желісі оқу үлгерімімен біраз мәселелері бар екінші курс студенті Асқардың басынан кешкен оқиғаларына құрылған. Бас кейіпкер оқудағы мәселелерін шешпесе, әкесі оны ауылға аттандыруға бел буады. Сондықтан, ауылға бармас үшін Асқар қолынан келгенін жасап бағады. Міне, кейіпкердің қызықты оқиғалары осы тұстан басталады.
Көрсетілімнің алдында бас кейіпкерлердің қатысуымен баспасөз конференциясы өтті. Фильмнің жасаушылары туындының түсірілуі туралы қызықты деректерді баяндап берді.
Фильм продюсері Дастан Ысқақов біздің тілшіге түсірілу жұмыстары шамамен бес айға созылғанын айтты.
«Жоба бойынша атқарылған жұмыста барлық қатысушылар әр қырынан танылды, жаңа жағынан ашылды. Түсірілім соңында жеткен жетістіктерімізге қарап, мен мақтанып та, қуанып та тұрмын», – деді Дастан.
Бас кейіпкердің бірі Алтын Смағұлованың бұл рөлі оның киноға түсудегі алғашқы тәжірибесі.
«Бұл жоба мен үшін ерекше тәжірибе болды. Бұл – актерлік шеберлікке бір табан жақын әрі осы істе дарыны бар адамдар үшін өз-өзін сынап көруге зор мүмкіндік болды», – дейді Алтын.
Аталмыш жобаның қоюшы операторы Алексей Кубрактың мәлімдеуінше, толықметражды кино түсіру үлкен қалаларға қарағанда Павлодар секілді кіші қалада түсіру әлдеқайда қиынырақ. Дегенмен, Алексей алғашқы толыққанды жоба қаламыздың әлі талай таңғаларлық дүниелермен атының шығуына дәлел болатынына сенімді. «Дәл осындай туындылардың жалғасы бола ма?» деген сауалға фильмнің режисері Надежда Сорокина шығармашылық топтың алдағы уақытқа қойған бар жоспарларын аша қоймады. Десек те, жобаның ұйымдастырушылары алдарына дарынды да белсенді жастарды осы сынды жобаларға тарту арқылы Павлодар қаласындағы кино өнерінің дамуына барынша өз үлестерін қосуды көздейді.
Фильмді түсіруші топ тырнақалды жұмыстарын «көрермен қалай қабылдайды» деген уайымдарын да жасыра алмады. Алайда, көрсетілім соңындағы көрермен қошеметінен кейін, олардың уаймы да сейіліп сала берді.
Шығармашылық ұжымның ескеруінше, фильмді тамашалау мүмкіндігі келесі аптада мүмкін болады.