С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің жас ғалымдары облыстық «Жас ғалым – 2016» байқауының жеңімпаздары атанды.
Жеңімпаздарды марапаттау рәсіміне облыс әкімінің орынбасары Мейрам Бегентаев қатысты.
Байқау Павлодар облысының жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының қолдауымен «Кенжекөл жастары» ЖҚБ-нің мұрындық болуымен өтті.
«Жас магистр» номинациясында С. Торайғыров атындағы ПМУ-інің «Биология» мамандығының 3 курс PhD докторанты Римма Уалиева жеңімпаз атанды.
«Электр энергетикасы» кафедрасының аға оқытушысы Бауыржан Машрапов «Жас PhD докторы» аталымында үздік деп танылды.
– Маған сенім артқан, маған қолдау көрсеткендерге алғысымды жеткіземін. Алда ауқымды міндеттер тұр. Осындай қолдаудың арқасында серпіліс беретін идеялар, жаңа заманауи технологиялар дүниеге келеді, еліміздің ғылыми әлеуеті қарқынды дамый түседі, – деп бөлісті ойымен Б. Машрапов.
Металлургия, машинажасау және көлік факультетінің студенттері Әсет Айтбаев, Вадим Макеев, Константин Таранченко, Михаил Дрючин, Ербол Маркс «Үздік инновациялық жоба» аталымында екінші орынды иеленді.
Студенттер өз жобасында ПМУ және «Павлодар құбыр илек зауыты» ЖШС-інің арасындағы ғылыми-техникалық ынтымақтастығы шеңберінде дәнекерленген құбырларды өңдеудің қалдықтарын пайдаға асырудың ерекше технологиясын ұсынды. Айтулы инженерлік шешім қалдықтардың терең қайта өңдеуін және сұранысқа ие тауар өнімнің нақты түрлері: жиһаздың металл фурнитурасын, болат сымдарын, темірбетонды және машинажасау бұйымдарына арналған бөлшектер жасаудың жолдарын көрсетті.
«Жас ғалым – 2016» додасында Павлодар облысы аймағындағы барлық жоғары оқу орындарының, ғылыми-зерттеу институттарының, зертханалары мен орталықтардың жас оқытушылары, ғылыми қызметкерлері, сондай-ақ, Павлодар облысының жұмысшы және құрылымдаушы жастары бақтарын сынады.
Байқауға индустрия, биотехнология, ауыл шаруашылығы, экология, білім беру сынды ғылымның әртүрлі салада еңбек етіп жатқан 35 жас ғалымдары қатысты.