С. Торайғыров атындағы ПМУ «Erasmus+» оқу бағдарламасын жүзеге асыруда. Бағдарлама шеңберінде С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетіне Литваның астанасынан Еуропалық гуманитарлық университеттің магистранты Екатерина Гвоздова келді.
Екатерина халықаралық құқық пен ЕО саясатындағы адам құқықтарын зерттеуді өз нысанасына алған. Ол құқықтану бойынша дәрістер курсын тыңдап, сондай-ақ, прокурорлық қадағалау, адам құқығы саласының өткеніне шолу, заманауи халықаралық байланыстардағы жанжалдар мен қайшылықтарды Қазақстан мен Литваның құқықтану саласындағы әдістерді саластыра отырып, терең зерттеуді көздеп отыр. Екатерина ПМУ қабырғасында адам құқықтарымен байланысты пәндерді игеруді мақсат етіпті.
Вильнюстік жас ғалым өзінің таңдауы Қазақстанға түскеніне еліміздің географиялық алшақтығымен қоса, екі ел арасындағы дүниетанымдық әрі діни алшақтық ықпал еткенін жасырмады.
Бүгінде Екатерина университеттің жатақханасына орналысып, жаңа достар да тауып үлгерді. Мұнымен қоса, ол өзінің ағылшын тілі білімін жетілдіру мақсатында ПМУ қабырғасындағы көптілді білім беру орталығына, С. Торайғыров атындағы облыстық кітапхана жанындағы тілдер клубына барып тұрады. Сондай-ақ, ол қазақ тілін меңгеруді де мықтап қолға алған. Екатеринаға қазақтың ұлттық асханасы өте ұнап, тіпті, қазақстандық қонақжайлылыққа ризашылығын білдірді.
Литвадан келген қонақ қыз университеттің қоғамдық өміріне де белсене атсалысып кетті. Жуырда Екатерина Тілдер күніне орай ұйымдастырылған шарада баяндама жасап, қоғамдық мәселеге өз үнін қосты. Екатерина Гвоздованың оқуы оқу жылының басынан бастап 2017 жылғы 10 қаңтарға дейін созылады.