С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде ақын, жазушы, мемлекет және қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов профессорлық-оқытушылар құрамы мен студенттермен кездесті.

Кездесу Олжас Сүлейменов атындағы  дәрісхананың ашылу салтанатынан бастау алды. Ақын студенттерге ақсақалдық батасын беріп, «Ұлттың қуаты – арсеналдарда емес, ұлттың қуаты – кітапханаларда және университеттерде» деген сөзін арнады.

Кездесу барысында Павлодар облысы әкімі Болат Бақауов барша Ертіс-Баян жерінің тұрғындары атынан Олжас Сүлейменовті құттықтап, мерейтой иесіне жүрекжарды ықыласын білдірді. Облыс әкімі Олжас Сүлейменовтің ел дамуына қосқан өлшеусіз еңбегін бағалап, облысқа сіңірген еңбегі үшін Павлодар облысының «Құрметті азаматы» атағымен марапаттады. 

С. Торайғыров атындағы ПМУ ректоры Арын Өрсариев құрметті қонақты мерейтойымен құттықтай келе, заманның заңғар тұлғасына айналған ел азаматының өмірлік ұстанымы елінің мүддесімен ұштасқанын ерекше атап өтті. 

– Қалам ие¬сінің туындыларында халқымыздың сан ғасырлық қатпарлы тарихы бедерленген. Олжас Сүлейменов – тамырлы мәдениетін, салт-дәстүрін жоғалтпаған ұлт ретінде қазақ халқын дүниеге паш еткен шебер суреткер. Еліміздің мақтанашына айналған Олжас ағамыздын түпкі тамыры қасиетті, киелі  Баянауыл жерінде, – деді университет басшысы.

Олжас Омарұлы жиылғандармен өзінің бейбітшілік жолындағы атқарған қоғамдық әрі шығармашылық жұмыстарын саралап, өткенге үңілді. Қонақ өз әдетіне сай жастардың жүрегіне сенім ұялататын сөздері мен өмірге деген құштарлықты оятатын өнегелерін айтудан жалықпады. Ол өз сөзін «Невада-Семей» қозғалысынан бастады. Оның айтуынша, алғаш рет тарихта жаһандағы АҚШ, Қытай, Франция, және Ресей сынды алпауыт державалар Қазақстаннан үлгі алып, өздерінің ядролық сынақ алаңдарын жауып жатты.  

Олжас Омарұлының пікірінше, бүгінде әлемде бейбітшілікке қауіп төніп тұр. Осыған байланысты, болашақ ұрпақтың бейбіт ғұмыр кешуіне жанын сала еңбек еткен «Невада-Семей» қозғалысының белсенділеріне алғысын жеткізді. Себебі, олар кеше және бүгін жасағанымыз болашақ ұрпақ игілігіне бола жасалады дегеннен танбай, бейбітшілік үшін күресіп келеді.

Мерейлі мерекеде Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Шахимардан Әбілов өнер көрсетті. Студенттік филармонияның өнерпаздары ақынның өлеңдерін оқып, тамылжыта ән салды. 

Кездесу соңында студенттер мен зиялы қауым өкілдері белгілі қайраткерге сауалдар қойып, ақ лебіздерін арнады.

ФОТО: РУФИНА ТОРПИЩЕВА