С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде Ректор Кубогы сарапқа салынған үстел теннисі бойынша сайыс өтті.
Үстел теннисі сайысына Павлодар мемлекеттік университетінің ардагерлері, профессорлық-оқытушылар құрамы, қызметкерлер және студенттер қатысты.
«Үстел теннисі – спорт ойындарының ішіндегі ең әмбебап ойын. Бұл спорт түрімен жігіттер де, қыздар да айналыса алады. Осы жолы С. Торайғыров атындағы ПМУ командасында әйелдер теннисін дамытуға ерекше мән бердік», – деді «Сұңқар» спорт клубының төрағасы Жаудат Шамильевич.
Турнир тартысты өтті. Спортшылардың шеберлігі мен төзімділігі алғыс хаттар мен жүлделермен марапатталды.
Әйелдер арасындағы бәйгеде Г.М. Садуақасова оза шауып, жеңімпаз атанды. Күміс жүлдеге Н.М. Роева лайықты деп танылды. Үшінші орын иегері болып Н.П. Попова атанды.
Ерлер арасынан В.П. Марковский үздік деп танылды. Екінші орын К. Р. Досумбековке бұйырды. Ал М.М. Роев қола жүлдегер атанды.
Өздерінің техникалық және тактикалық шеберліктерін танытуда студенттер де қалыс қалмады. Бозбалалар арасында бірінші орынды энергетикалық факультеттің студенті Мейрамбек Кенжалин, екінші орынды химиялық технологиялар және жаратылыстану факультетінің студенті Максим Ечкалов, үшінші орынды металлургия, машинажасау және көлік факультетінің студенті Андрей Комарицкий еншіледі.
Ал қыздар арасында бірінші орын энергетикалық факультеттің студенті Жанна Алжановаға бұйырды. Екінші орынды химиялық технологиялар және жаратылыстану факультетінің студенті Камила Әлібекова иеленіп, үшінші орын мемлекеттік басқару, бизнес және құқық факультетінің студенті Алма Чигенбаеваның еншісіне тиді.