С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің студенттері мәдениеттану және неміс тілі пәндері бойынша Республикалық студенттік пәндік олимпиададан жүлделі оралды.
Əл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде өткен мәдениеттану мамандағы бойынша Республикалық студенттік пəндік олимпиадада гуманитарлық педагогикалық факультеттің студенттері екінші орынды еншіледі.
Білім мен білік додасына С. Торайғыров атындағы ПМУ-дың философия және әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасында білім алып жүрген студенттер – Салтанат Мұхаметжан, Әсемгүл Қойшина, Лаура Доманжулова, Дамир Социалов, Диана Камасова, Әлібек Қабылда қатысты.
Қауымдастырылған профессор, философия және әлеуметтік пәндер кафедрасының PhD докторы Анар Уызбаеваның жетекшілігімен бәйгеге түскен «Тенгри» тобы олимпиада барысында терең білімі мен жоғары кәсіби білігімен көзге түсіп, әділ қазылар алқасының оң бағасына ие болды.
Бұдан өзге, С. Торайғыров атындағы ПМУ студенттері Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде өткен неміс тілі пәні бойынша Республикалық студенттік олимпиададан да қанжығаларын күміс жүлдемен толықтырды.
Бұл білім бәйгесінде ПМУ-дың намысын шет тілдер кафедрасының бірінші курс студенттері Анастасия Долбня мен Роман Рижков табысты қорғады.
Шет тілдер кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты, студенттердің жетекшісі Бейбітнұр Жұмабекованың айтуынша, Павлодар мемлекеттік университеті студенттерінің білімін әділ қазылар жоғары бағалады. «Үш кезеңнен тұратын сыннан студенттер мүдірмей өтіп, өздерінің неміс тілін жоғары меңгергендігін айғақтады. Сондай-ақ, қатысушылардың шығармашылық кезеңінде «ЭКСПО-2017 және біздің болашақ» тақырыбындағы жұмысы жоғары бағаланды», – деді Бейбітнұр Қапарқызы.