2014 жылдың 15 мамыр күні С.Торайғыров ат. ПМУ-да туризм мамандығы бойынша білім алып жүрген студенттер үшін «Әлемнің туристік және экскурсиялық объектілері» бойынша қорытынды бақылауы өтті.
Бүгінгі студенттер болашақ туризм бакалавры ретінде жаһандық туристік экскурсиялық объектілерді тану, сол объектілер жөнінде ауызша әсерлі де кәсіби жеткізудің хас шебері болуы тиіс. Сондықтан, бақылау сабағы студенттердің кәсіби біліктілігін жетілдіру мақсатында өтті.
Заманауи әлем әр қилы және көптүрлігімен ерекше. Жаһанның былайша өзгеруіне жаһандану үрдісінің сеп болғаны хақ. Бейтаныс та тамаша әлеммен танысудың өзі қызыққа толы дүние. Саяхатқа шыққан әркім бейтаныс өмірді өзіне ашып, жаңа таным мен достар табады. Елдер мен мемлекеттер туралы бейнелі әңгімелер естігенде, бейнефильмдер көргенде санаңда белгілі бейнелер сақталып қалады. Мысалы, Эйфел мұнарасы, Пизан мұнарасы, Елисей даласы, адам қолынан шыққан таңдай қақтырар ғимараттар Үнді еліндегі Аградағы Тадж-Махал кесенесі, Ұлыбританиядағы Стоунжендж, Ватикандағы Петр әулие құрметіне салынған собор, Сиднейдегі опера театры, Мароккодағы мешіт сынды аты әлемге мәшһүр ғимараттар бір мемлекеттің нышанына айналып, таныс бейне ретінде адам санасында қалыптасады.
Бақылауда дүниежүзі халықтарының ұлттық киімдерін киінген студенттер «Сырттай танысу. Әлемнің көз тартар орындары» тақырыбында театрландырған қойылым қойды. Сабақ алдында студенттердің дүниетанмдық көзқарасын анықтау мақсатында студенттермен тренинг жүргізілді. Сабақ барысында «Қандай тамаша әлем» бөлімінде студенттер әлемнің белглі туристік экскурсиялық объектілеріне кешендік мінездеме жасады. Мұнымен қоса, студенттер туристік экскурсиялық объектілерді таныстыру үшін гид болды, әсерлі әңгімелеуші болды. Олар интербелсенді тақталарды қолданып өз тұсаукесерлерін ұсынды.
Сондай-ақ, сабақ соңында студенттер арасында зияткерлік ойын ойнатылды. География және туризм кафедрасының аға оқытушысы Гүлмаржан Қасенова өз сөзінде: «Студенттер танымдық қызығушылығын ізденіс, зерттеу, әдемеллікке құштарлық арқылы арттырды», - деп бөлісті.