2014 жылдың 16 мамыр күні С.Торайғыров ат. ПМУ-дың белсенді студенттері Ертіс өзенінің оң жағалауындағы мемлекеттік «Қазқонақ» палеонтологиялық ескерткіші маңын қоқыстан тазарту шарасына қатысты.
Науқанды өткізудің мақсаты – келешек ұрпаққа «Қазқонақ» табиғи ескерткішін сақтап, ескерткіштің маңыздылығына жұртышылық назарын аудару.
Аталмыш шараның негізгі ұйымдастырушысы: Павлодар облыстық орман және аңшылық шаруашылығы аумақтық инспекциясы Республикалық мемлекеттік мекемесі.
«Қаз қонақ» – Ертіс жағасындағы орналасқан ғажайып орын. Онда көне дәуірді мекен еткен жануарлардың қаңқалары табылған. «Қаз қонақ» жәдігерлердің көнелілігі жағынан әлемдегі 20 палеонтологиялық ескерткіштің қатарына енген. «Қаз қонақ» палеонтологиялық ескерткішінің гиппарион фаунасының бес миллион жылдан астам тарихы бар.
Тазалық науқанына С.Торайғыров атындағы ПМУ Студенттік ректоры Ғабит Хафиз бастаған университет белсенділері мен Агротехнология факультетінің студенттері қатысты. Сонымен қатар, басқа да мемлекеттік мекемелер де қатардан қалмай бірлесе жұмыс атқарды.
Тазалық барысында табиғи ескерткіштің Ертіс өзенінің оң жағалауындағы 5 га аумақ әр түрлі қоқыстардан тазартылды.
«Гиппарионды фауна ескерткіші қазір күл-қоқыспен ластанып жатыр дегенді жиі еститінбіз. Аты жаһанға мәшһүр тарихи мұрамызды сақтап қалуға біз де, жастар мүдделіміз. Сондықтан, бүкіл әлем танитын құнды жәдігерлерімізді қорғауға бағытталған тазалық шарасына қатысқанымызды мақтан етеміз», - деп атап өтті С.Торайғыров атындағы ПМУ студенттік ректоры Ғабит Хафиз.
Сонымен, науқан соңында ұйымдастырушылар С.Торайғыров атындағы ПМУ студенттеріне тазалық жұмыстарына белсене атсалысқаны үшін алғыс білдірді.