Қаламыздың орталық стадионында С. Торайғыров ат. ПМУ-дың Студенттік кәсіподақ ұйымы мен Жастар ісі жөніндегі комитеті «Ертіс» футбол командасымен футбол ойнады.
Іс-шараның негізгі мақсаты мен міндеті – бұқаралық спортты дамыту және насихаттау, салауатты өмір салтын насихаттау, студенттерді дене шынықтырумен және спортпен белсенді айналысуға көптеп тарту, командалар арасындағы достық қатынастарды күшейту.
Спорттық ойындарды, әсіресе командалық ойындарды студенттік жастар арасында өткізудің басты міндеті өскелең ұрпақты салауаттылыққа ынталандыру, дене тәрбиесі мен спортпен шұғылдануға үгіттеу екені даусыз. Себебі, елді күні ертең ілгері жетелейтін – сауатты, білімді, дені сау жастар. Бүгінгі елдің жас толқындары – келешектің көрінісі. Сондықтан студенттер уақыттарын тиімді пайдаланып, қоғамның дені сау азаматы болуына, болашақта сапалы еңбек етуіне, өмірде өз орындарын адаспай табуына білім алып жүрген жоғары оқу орны барынша жағдай туғызуы шарт. Осындай игі мақсатты арқалап Павлодар мемлекеттік университетінің жастары кәсіби теңбіл доп шеберлерімен алаңға шығып, бабын сынап бақты.
Футбол ойынына қатысқан командалар: ПМУ–1, ПМУ–2 және жанкүйерлерден құрылған команда. Ақтық сында ПМУ–1 футбол командасы жеңіске жетіп, «Ертіс» футбол командасының негізгі құрамасымен ойнады. «Ертіс» футбол командасынан Тимур Байжанов, Вячеслав Котляр, Сергей Струков, Антон Чичулин, Константин Дудченко ойнады.
Ойын өте тартысты өтті. Ойын алаңындағы бәсекелестік рух, достық қарым-қатынас, кәсіби футболшылардың баға жетпес тәжірибесі ойынды қыздыра түсті.
Аталған спорттық шаралар алдағы уақытта да өз жалғасын табады деп жоспарлануда.