2014 жылдың 30 наурыз күні С.Торайғыров ат. ПМУ-дың студенттері Достық үйінде Павлодар облысы «Эльпида» этномәдени бірлестігінің 15 жылдығына орай ұйымдастырылған «Грекия тарихының антикалық дәуіріндегі грек костюмдерінің көрсетілімі» атты байқауға қатысты.
Байқау Қазақстан халықтары мәдениетінің құрамдас бөлігі ретінде грек тарихы мен ұлттық мәдениетін насихаттауға және өз бетімен зерттеуге ықпал етуге, сонымен бірге, балалар мен жасөспірімдердің шығармашылық қабілетін дамытуға бағытталған.
Грек костюмдерінің мерекесіне қаламыздың мектептері, колледждері мен жоғары оқу орындарының шығармашыл жастары қатысты. Байқау бағдарламасында хореографиялық «Анагенисси» ансамблінің орындауында «Миа стигни», «Хасапикос» сынды тамаша билер орындалды. «Микра астераки» балалар ансамблі мен «Орфей» вокалдық топ гректің әуезді әндерін өнерсүйер көрерменге ұсынды.
Грекия өнері адамның жеке тұлғалық көркемдігі мен құндылықтарын бейнелеуімен, адамның шексіз шығармашылық қабілеттеріне сенім артуымен, көркемдік тілінің қарапайымдылығы әрі нақтылығымен, шындықты дәлдікпен жеткізе білуімен өзгешеленеді. Антикалық өнердің осы ерекшеліктері еуропалық әрі жалпы әлемдік мәдениетке ерекше ықпал етті. Грек костюмі өзге халық киім үлгісінен эстетикалық қоғам үлгісімен ерекшеленеді.
Байқаудың әділқазылары – «Эльпида» облыстық грек ұлттық-мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Л.П. Ифандопуло, Павлодар облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының хатшылығының меңгерушісі С.К.Жетпісбаев, С.Торайғыров атындағы ПМУ ҚХА кафедрасының меңгерушісі Г.К. Жапекова гректің ұлттық киімдерінің көркемдігіне, шаш үлгісі, аяқ киімі мен әшекейлеріне назар аударып қана қоймай, қатысушылардың табиғи әдемілігіне, текті қарапайымдылығына, жүріс-тұрысының әсемдігіне, дене бітімнің үйлесімділігіне әрі қозғалыстың еркіндігіне қарап бағалады. Байқауда 20-ға жуық қыз бағын сынады. Павлодар мемлекеттік университетінің намысын қорғаған қыздарымыз: Наргиз Кулдурова («Мәдениеттану» мамандығы) және Эльмира Ганиева («шетел филологиясы» мамандығы). Ал, Наргиз Кульдурова алтын лавр гүлтәжінің иесі атанды.