2013 жылдың 6 ақпанында С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің базасы негізінде «Когнитивті лингвистика және концептуалды зерттеулер» атты І Халықаралық ғылыми семинар өтті.
Аталмыш шараны ТМД елдерінің еуроазиялық ықпалдастық аясында ұйымдастыру идеясы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың бастауымен және «Білім алушылардың академиялық ұтқырлығы» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жүзеге асуда.
Шара мақсаты – ғылыми жұмыстарды бірге атқару, белгілі филолог-ғалымдардың арасында тәжірибе алмасу; когнитивті және концептуалды зерттеулер аясында заманауи лингвистикадағы өзекті мәселелерді талқылау.
«Когнитивті лингвистика және концептуалды зерттеулер» Халықаралық ғылыми семинары жұмыстарына Ресей мен Украинадан келген танымал дәріскерлер белсене атсалысты. Олар белгілі когнитологтар мен этнолингвистер: Сібір ғылым академиясы жоғары мектептің корреспондент мүшесі, филология ғылымдарының докторы, Кемеровск мемлекеттік университетінің профессоры М.Пименова; филология ғылымдарының докторы, «Орыс тілі» кафедрасының меңгерушісі, Донецк ұлттық университетінің профессоры В.Теркулов.
С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің «Орыс филологиясы» кафедрасының меңгерушісі Г.Кенжебалина өз сөзінде айтулы жоба жоғары оқу орындары арасындағы академиялық ұтқырлық республикалық бағдарлама негізінде іске асты дей келе: «С.Торайғыров атындағы ПМУ еуропалық жоғары мектептердің білім жүйесіне тән жаңа формадағы оқу жүйесін белсенді түрде игеруде. Осы жолдағы табысты еңбектер мен білім сапасының артуына академиялық ұтқырлық бағдарламасы өз үлесін қосты. Біздің оқытушылар, магистранттар мен студенттер әлемдік танымал ғалымдар мен олармен ғылыми тәжірибе алмасуға мүмкіндік алды. Бүгінгі семинар біздің университеттің халықаралық ғылыми жоғары мектептермен байланысты нығайту жолындағы келесі қадам», - деп айқындады.
Семинар барысында лингвомәдени концептология, лингвистикалық персонологиясының салыстырмалы мәселелері төңірегінде ойлар айтылды. Сонымен қатар, ғалымдар зерттеу мен тұжырымдамалық тұрпаттамасын, тілдік ұғымның зерттеу тың әдістерін талқыға салды.