Торайғыров университетінде
"Павлодар индустриялық институтының «Құю өндірісінің машиналары мен технологиясы» кафедрасының негізін қалаушы, профессор Моисей Друинскийдің туғанына 100 жыл толуына орай және университеттің 65 жылдық мерейтойы аясында халықаралық деңгейдегі дөңгелек үстел өтті.

Шараға Ақтөбе ферроқорытпа зауытының басшысы, т.ғ.к. Ержан Абдулабеков, Ақсу ферроқорытпа зауытының бас металлургі Кирилл Янцен, Ресей Ғылым академиясы Урал бөлімшесінің Металлургия институтының бас ғылыми қызметкері, т.ғ.д. Владимир Жучков, Ресей Ғылым академиясы Урал бөлімшесінің Металлургия институты директорының ғылыми жұмыс жөніндегі орынбасары, т.ғ.д., РҒА корреспондент-мүшесі Олег Заякин, Торайғыров университетінің инженерия факультетінің ақсақалдары мен қызметкерлері қатысты.

«Дөңгелек үстел" барысында қонақтар Моисей Друинскийдің кафедраның, университеттің дамуындағы ролі, ғылыми зерттеулері және Қазақстандағы ферроқорытпаның өнеркәсіптік өндірісінің дамуындағы рөлін талқылады.

ЕФЗ бас инженері болып жұмыс істеген жылдары (1962–1980 жж.) Моисей Друинский тарихи миссияны орындады – әлемдегі ең ірі ферроқорытпа өндіру зауытын құрды және оның жобалық қуатын мерзімінен бұрын игерді. Сонымен қатар, 1980 жылы ғалым Павлодар индустриялық институтының (ПИИ) жаңадан ашылған «Құю өндірісінің машиналары мен технологиясы» (ҚӨМмТ) кафедрасының алғашқы меңгерушісі болды.

Қазіргі уақытта «Металлургия» кафедрасы табысты ғылыми және білім беру қызметін жалғастыруда: Павлодар облысы мен Қазақстанның металлургия саласы үшін бакалавриат, магистратура және докторантура деңгейінде кадрлар даярлайды; PhD дәрежесін беру бойынша өз диссертациялық кеңесінде қорғаулар жүргізеді; гранттық және шарттық жобалар бойынша 450 миллион теңгеден астам сомаға ғылыми зерттеулер жүргізеді.