Торайғыров университетінде энергетика апталығы басталды, оның аясында бүгін Қазақстанда АЭС салу мәселесін талқылау бойынша дөңгелек үстел өтті.

Басқарма мүшесі – Торайғыров университеті ректорының м.а. Нұрлан Ержанов құттықтау сөз сөйледі.

- Қазақстанда атом энергетикасын дамыту - елдің энергетикалық қауіпсіздігін және оның тұрақты дамуын қамтамасыз ету үшін стратегиялық маңызды қадам. Атом өнеркәсібі үшін білікті кадрларды даярлау және осы саладағы ғылыми зерттеулер ұзақ мерзімді тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуде шешуші рөл атқарады, - деп атап өтті Нұрлан Ержанов.

Энергетика факультетінің деканы Олжас Талипов, электр энергетикасы кафедрасының меңгерушісі Вадим Марковский, биология және экология кафедрасының қауымдастырылған профессоры Александр Убаськин және құқықтану кафедрасының қауымдастырылған профессоры Гүлнар Шамшудинова баяндама жасады.

Атом энергетикасының ел болашағындағы рөлі, АЭС үшін кадрлар даярлау және ғылыми әлеуеттің өсу перспективасы мәселелері көтерілді, бұдан басқа, елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету және Қазақстанның дамуы үшін бейбіт атомды пайдалану мәселелері талқыланды.