Торайғыров университеті серіктестерімен бірге «Lifelong learning» концепциясын дамытуды қолға алады. Жоба кәсіби білім беру аясында үздіксіз 
оқу жүйесін нығайтуды мақсат етеді. 

 

"Мектеп-Колледж-ЖОО-Кәсіпорын-Күміс университет»  жобасын жүзеге асыру биыл басталады.   ToU ортақ мақсат жолында С. Торайғыров атындағы жалпы орта мектеп, Павлодар технологиялық колледжі мен «Нефтехим LTD» компаниясымен сәйкес келісімге қол қойды. Тараптар барлық деңгейде кадр даярлау шеңберіндегі серіктестік аясын кеңейтіп, Павлодар облыстық әкімдігімен бірлескен «Қуатты ЖОО – қуатты өңір» бағдарламасын жүзеге асыруды көздейді. Меморандум шеңберінде оқушыларды ерте кәсіби бағдарлау, оның ішінде бакалавриат, магистратура және докторантура немесе қысқамерзімді қайта даярлық курстары бойынша оқу мүмкіндігі қарастырылған. 

- Қазіргі уақытта қазақстандықтардың басым бөлігіне үйреншікті болған білім беру жүйесі түбегейлі өзгеріп жатыр. Бүгінгі таңда бәсекеге қабілетті маман болу үшін жас ерекшелігі мен лауазымдарға қарамастан, үздіксіз білім алу керек. Сондықтан, Торайғыров университеті серіктестерімен бірге «Lifelong learning» концепциясын дамытып жатыр. Бұл бағыт жергілікті еңбек нарығын сапалы кадрлармен қамтамасыз етіп, аймағымыздағы адами капиталды нығайтуға кепілдік береді, - дейді  ToU ректоры Еркін Садықов. 

«Lifelong learning» концепциясы аясында білім алған мамандар С. Торайғыров атындағы жалпы орта білім беру мектебі мен Павлодар технологиялық колледжін тәмамдағаннан соң «Нефтехим LTD Компаниясы»  ЖШС жұмысқа орналасу мүмкіндігіне ие. Сонымен қатар, Торайғыров университетінде өндірістен алшақтамай оқуларын жалғастыра алады. Айта кетейік, кәсіпорынның тәжірибелі жұмыскерлері жоғары оқу орнының «Күміс университет»  бағдарламасы шеңберінде өзекті бағыттар бойынша қайта даярлықтан өте алады.