АҚШ-тағы Мэдисон қаласының Висконсин университеті славистика кафедрасының аспиранты Изабелла Паланджи Торайғыров университетінде тәжірибеден өтуде. 

 

- Бұл – Қазақстанға төртінші рет келуім. Алғаш рет өткен жылы келдім. Ал осы жолы Филология және журналистика кафедрасы профессорының жетекшілігімен үш фольклорлық экспедицияға қатыстым. Қазіргі уақытта Торайғыров университетінде тағылымдамадан өтіп жатырмын. Орыс әдебиеті мен фольклорын зерттеу үстіндемін.  Өзге ел азаматтарының  мәдениеті мен дәстүрі мені қатты қызықтырады, - дейді студент. 

Сонымен қатар, Изабелла Шығыс Қазақстан және Павлодар облысында өткен экспедицияларға қатысты. Студенттің ойынша, белгілі бір халықтың әдебиетін оның тілі мен дәстүрін білмей зерттеу мүмкін емес. Сондықтан, стажировкаларға қатысып, академиялық тұрғыдағы қарым-қатынасқа қол жеткізуді қалайды.
Филология және журналистика кафедрасының профессоры, ф.ғ.к. Алевтина Цветкова 2019 жылдан бері осы жобаны жүзеге асыруға қатысып келеді. Оны Partnership for Russian and Eurasian Folklore америкалық ұйымы жүргізуде.  Ол шетелдік ұстаздар, аспиранттар мен студенттердің қатысуымен өтетін экспедицияларға жетекшілік етеді.