ТоU Сауда және интеграция министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитетімен меморандумға қол қойды. Келісім аясында стандарттау және сертификаттау саласы бойынша мамандар даярланады.
Алдымен Комитет басшысы Қуаныш Елікбаев Торайғыров университетінің бас оқу корпусын аралады. Оқу орнының зертханалық базасымен танысып, зор мүмкіндіктеріне көз жеткізді. Сонымен қатар, бос орындар жәрмеңкесін ашты. Шараға Павлодар облысының 50 кәсіпорыны қатысты.
Бұдан кейін меморандумға қол қою рәсімі өтті. Торайғыров университетінің ректоры Еркін Садықов Метрология және стандарттау кафедрасын дамыту жоспарларымен таныстырды.
- Болашақта біз докторантура бағдарламасын ашпақпыз. Мақсат - біздің инженерлер мен энергетиктерімізге сарапшы болуға мүмкіндік беру. Бұл бағыттағы әлеуетіміз жоғары. Қазақстанның көптеген жоғары оқу орындарында стандарттау және сертификаттау мамандықтары қысқартылып қалды, сондықтан, бұл бағытты дамытамыз. Жұмыс барысында салалық комитеттің қолдауына сенеміз.
Қуаныш Елікбаевтың айтуынша, жақсы маман табу оңай емес. Сондықтан, Техникалық реттеу және метрология комитетінің өкілдері жоғары оқу орындарын аралап, студенттермен кездесуде.
- Біздің меморандумда нақты жол картасын жасау қарастырылған бөлім бар. Біз бұл жұмыс шеңберінде ЖОО-ның зертханаларын модернизациялаймыз. Біз үшін университеттер және студенттермен тәжірибе алмасу қызықты. Студенттер біздің сала бойынша тағылымдама мен тәжірибеден өте алады, - дейді Қуаныш Елікбаев.
Техникалық реттеу және метрология комитеті жанынан тәжірибеден өту туралы студент Жаухаз Суесинова айтып берді. Оның айтуынша, стандарттау және сертификаттау саласында жұмыс істеу құжаттармен шектелетін сияқты. Бірақ, бұл жүйеде мамандар өмірдің жаңа стандарттарын енгізуді ұсынады.