Торайғыров университеті және Павлодар облысы бойынша Қазақстан халқы Ассамблеясы серіктестік жөнінде келісімшартқа қол қойды.
Құжатқа қол қою рәсіміне Торайғыров университетінің ректоры Еркін Садықов пен ҚХА хатшылығының меңгерушісі Айнұр Раисова қатысты.
Университет студенттерді тарихи Отандарында оқыту бастамасын көтерді.
«Біз Қазақстан халқы Ассамблеясы тарапынан қолдау болатынына сенімдіміз. Студенттеріміздің халықаралық тәжірибе алғаны аса маңызды. Жастарымыз бір-екі семестр бойы тарихи Отандарында оқып келсе, тиімділігі жоғары болады. Себебі, олар өз этносының дәстүрін көріп-біліп, туған тілдерін үйренеді. Елге жаңа тәжірибелермен оралады. Біз шетелдік жоғары оқу орындарымен бұл бағытта серіктес болуға дайынбыз. ҚХА-мен бірге бұл жобаны Шетелдік елшіліктер мен консулдықтарға ұсынамыз», - дейді ректор Еркін Садықов.
Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасының меңгерушісі Арман Ақышевтың айтуынша, бүгінде жоғары оқу орнында 35 этнос өкілі білім алады. ЖОО оқуда озат және этномәдени бірлестіктердің жұмысына белсенді қатысып жүрген жастарға грант ұсынуға дайын. Айта кетейік, Торайғыров университетінің ҚХА жастар қанаты кезінде елімізде үздік болған. Кафедра меңгерушісі осы қозғалыстың дәстүрлерін жаңғыртудың маңызды екенін атап өтті.
Павлодар облысындағы Somang кәрістер Қауымдастығының төрайымы Людмила Пак кәсіби нұсқаулық бойынша сараптама жасады. Эльвин Магеррамов студенттік Ассамблея жұмысын қайта бастаса, Павлодар облысы бойынша «Ассамблея жастары» бірлестігінің төрағасы Рамиль Смаилов жастар ұйымының жұмысы туралы айтып берді.
Салтанатты шара этномәдени бірлестіктердің шығармашылық бағдарламасына ұласты.