(80 жасқа толу мерейтойына арналған библиографиялық шолу)

Әдебиет әлемінде өзіне тән қолтанбасы бар баянауылдық ақын Зекебай Солтанбайұлы осы жылдың наурыз айының 15-жұлдызында 80 жасқа толды.

Солтанбайұлы Зекебай – 1931 жылы 15-інші наурызда Баянауыл ауданы, № 2 ауылы Басшілік ата-мекенінде туған. Тегінде тектілік бар. Өмір сапарында өз соқпағы, өз биігі бар. Оның ұстаздық еңбегі де елеусіз емес. Ыбырай Алтынсарин медалінің иегері, оқу-ағарту саласының үздік қызметкері, Баянауыл ауданының Құрметті азаматы бүкіл саналы ғұмырының 47 жылын ұлттық тәрбиеге арнапты, оның ішінде 34 жыл бір мектепте басшылық жасап, ынтымақ-бірліктің үлгісін шыңдаған тәлімгер. Таңдауынан таймаған асыл азамат ақындық жолында да табыссыз емес. Ұстаз, ақын, әнші-сазгер, оташы-емші – «сегіз қырлы, бір сырлы» Зекебай атамыз ел құрметіне лайықты. Оның ғұмырнамасы мәнді, мағыналы, рухани әлемі салиқалы, сындарлы. Өрімдей жастық шағында тәңір сыйлаған дарын бұлағы қаламгерлік Зекебай ағаның асқарлы биігі, тынымсыз еңбек, ізденіс жемісі болар.

Туған топырағында түлеп, қалам тербеп, шабыт ләззатына бөленіп, өнерден, көркем сөзден – ақындар ауылының мәртебелі дастарханынан өзіне лайықты дәм-тұзын татып жүрген Зекебай Солтанбайұлының әдебиет әлеміне қосқан мұрасы санмен емес, сапамен өлшенгені ләзім.

Ақын аға кейінгі 5-6 жыл ішінде алты кітап жазды. «Жыр жиһазы» - әр жылдары жазылған өлеңдер, дастандар жинағы. «Мәшһүр», «Жүсіп», «Көпеев», «Ғұлама» және қолжазбасы «Адам» дастаны, - Мәшһүр баба туралы бесінші кітап. Мәшһүр туралы шығармаларына жазған түсінігінде ақын: - Халқымыздың дана перзенттері туралы бір ауыз жылы сөздің ұрпақ тәрбиесіне қосар үлесінде құн жоқ. Тек жастарымыз соны ұғынсын. Жан сарайына сыйғызып, сақтай білсін. Мәшһүр Жүсіп Көпеев туралы қолыма қалам алғандағы мақсат-мүддемнің түп негізі осы болса, ұлы ойшыл, философ, ақын, тарихшы, этнограф, ауыз әдебиетінің жинақшы зергері ғұлама жанның еңбегіне оқырман назарын аудару баса көзделеді. Мен әркімге әрқилы көрінетін Мәшһүр образын жасауда өміршындығына сүйендім. Әзірше, айтар түсінік сол – эпопея-дастанның жыр тұлғасына «Мәшһүр-Жүсіп-Көпеев-Ғұлама» деген төрт сөздің төңірегінде табиғи таным алынды, - депті.

 

Солтанбайұлы З.

Мәшһүр. – Павлодар: ҒӨФ «ЭКО», 2001. - 178 б.

Ақынның өз көзі тірісінде халықтың ауызданған атауы, үлкен-кішінің құрметі болып танылған бұл сөз жеке тұлғаның дара қасиетін өмір бойы танытып тұрғандықтан бірінші кітаптың иесі етіп алуды ақын ағамыз жөн көрген екен. Оқырманға неғұрлым танымал, түсінікті куәгерлер аузынан мәлімдеу, айқындау, оқиға желісін дамыту, кейіпкер бейнесін ашу, тарихи шындықты  дәлелдеу, шығарманың құрылымы мен жасалу сипатын жүйеге келтіру, әдеби көркемдік дәрежесін сақтау жағдайында оқиғаға қатысушы жандардың сөз тұрпатын, ой мағынасын ауытқытпай арнаға түсіру бірінші кезекке қойылған екен.

Басты бағдарлама – адам тәрбиесі, жас ұрпақтың танымдық білім деңгейін дамыту үшін дидактикалық принцип: жақыннан алысқа, жеңілден ауырға, белгіліден белгісізге, оңайдан қиынға, аздан көпке, деректіден дерексізге, тәжірибеден ғылымға қарай меңгеру әдістерін  ақын аға басшылыққа алған. Кітаптың сюжеттік желісінде кездесетін адамдардың өзі Мәшһүр өміріне қатысты туыстық, ұстаздық, жолдастық, таныстық, беймәлім, т.б. байланыста айқындалып, уақиғаның бірден-бірге сабақтасып отыруы жүзеге асырылған.

 

Солтанбайұлы З.

Жүсіп. – Павлодар: ҒӨФ «ЭКО», 2003. – 172 б.

Бұл кітапта оқиға желісі, өмір парасаты, жеке бастың әрекеті әлеуметтік саясатқа ауысып күрделене түседі. Шын мәнінде жігіттік кезеңнің құштарлық көңілі мен ниетті арманы, оның жүрген-тұрған ортасының ықпалы, отбасының тағдыр талайы Мәшһүр бала емес, көп Жүсіптердің бірі емес, Мәшһүр Жүсіптің ел-жұртқа танымал, азаматтық салмағы бар беделді тұлға болып қалыптасуын көрсетеді. Білсем, көрсем, үйренсем, меңгерсем деген жан құмарлығын баптау, баулу, бәйге аттай өзін-өзі жарату, жақсылыққа ұмтылу, дұрыстыққа талпыну, әділеттілік жолға ықпал ету, қателікті тию сияқты сезім қазынасын ойшыл жан бойына жияды.

Бұл кітап Жүсіп атаулы жандардың ішіндегі ерекше ер, дара тұлға, озат ой, қасиет иесі – Мәшһүр Жүсіптің қоғамдық өмірге араласуы мен қалыптасуын мадақтайды да, оқырман қауымға айқындай түседі.

 

 

Солтанбайұлы З.

Көпеев. -  Павлодар: ҒӨФ «ЭКО», 2005. – 226 б.

Патша үкіметі орыс үлгісі – басқару жүйесінде әке аты фамилиялық аталым болып жаппай қолданысқа кіруіне байланысты кітап атауы осылай алыныпты. Уақиға желісі қазіргі жағдайдан ақпар бере отырып өткенге ой жіберу, бүгінгіге көз жеткізу, Көпеев Мәшһүр Жүсіптің тіршілік дүниесінде алған орнын, жаулары мен достарының ара-жігін ажырату, қоғамдық тартыс, үстемдік үшін күрес, ел басқарудағы саясат, тосын туған қарсылық, ішкі алакөз наразылық, бұхара тыныштығының кетуі сөз болады. Отарлау саясатының бір түрден екінші түрге ауысуы, жер дауының мемлекеттік билікке ауыса бастауы, халық тұрмысының жан-жақты қысымға ұшырауы, патша үкіметін советтік құрылыстың алмастыруы ел ішінде көзі көрген, басынан кешкен, жасырын жыр, құпия сыр болған оқиғалар арқылы Көпеев екі үкіметтің бақылауына бірдей ұшыраған сенімсіз адам ретінде шеттеледі. Көпеев басына айналған қайғының қара бұлты жан-жақты торлайды. Халық тағдырымен қатар астасады, асқынады.

 

Солтанбайұлы З.

Ғұлама. – Павлодар: С. Торайғыров атындағы ПМУ «Кереку» баспасы, 2007. – 227 б.

Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің осы, соңғы өмір кезеңі ел аузында көбірек айтылуына байланысты халық аңызының шындық көрінісін сол қалпында оқырманға жеткізу – тарихи мұраның таза, құнды түрі болатындығы ескеріледі. Жасандылыққа бармай, барынша жазба деректерді, куәлі әңгімелерді арқау ете отырып, бірыңғай басты кейіпкердің білім қазынасын дәлелдеу, ол табиғат мырзалығы, дарын даралығы, ғұлама жанның заңды өркендеу жолы болатындығы жырланды.

Негізгі патша саясатының – ұлттарды тоғыстыруы, орыс халқының үстемдігін жүзеге асыруы, тіл билігіне ие болуы, ғылым мен білімнің, басқару әдістерінің орыстық әдістері жеңіске жетті. Жергілікті халықтың тығырыққа тірелуі, салт-дәстүр ұлттық үлгіге тиым салыну етек алды. Көпеевті қудалау кейінде де тоқтатылмай, ислам дінін таратушы – молда тұрғысында жазалау қарастырылған. Заң орындарының өкілдері оқтын-оқтын тексеру жасаған бағыты ақын өліп құтылмай тиылмаған. Ашаршылық пен ақтаңдық жылдарының өзінде де, социализмнің гүлденген, кемелденген шағында да отеистік күрес күшейе түскендік аңғарылады.

Тәуелсіздікке қолы жеткен Қазақстан мемлекетінің өмірге келуімен аяқталып, кеткен есені қайтару, өткен қатені түзеу, Қазақстан тарихын қайта жазуға тіреліп дастан аяқталады. Мәшһүр Жүсіп Көпеев еңбегінің, шығармашылық шеберлігінің, діни терең білімінің, адами тәрбие ұстанымының құнын таныған қоғамға, ұлы арманға қолының жетуімен дастан аяқталады.

 

Солтанбайұлы З.

Жалынды демократ. – Павлодар: С. Торайғыров атындағы ПМУ «Кереку» баспасы , 2011. – 216 б.

Ұзақ жылғы ұстаздық еңбек нәтижесінен, өмірлік тәжірибеден автор төл әдебиетіміздегі үш алып Абай, Мәшһүр, Сұлтанмахмұт еңбектеріндегі үндестік пен ерекшеліктерді анықтап, салыстыра отырып, Сұлтанмахмұт Торайғыровқа деген жас ұрпақтың – сүйіспеншілігін, таным-ізденушілігін арттырып, үлгі өнеге алуға үндейді. Кітапқа қойылған негізгі жүктеме: ақынның шығармаларын жан-жақты сипаттаулар арқылы оның демократиялық ағым қуатын таныту, ұлтына, еліне деген патриотизмін дәлелдеу, ақынның қазақ әдебиетіне қосқан қазынасы мен жаналықтарын, қоғамдық көзқарасын айқындау.

 

 

 

 

 

Құрметті оқырмандар! Осы кітаптармен академик С. Бейсембаев атындағы ғылыми кітапхансының оқу залында және абонементте таныса аласыздар.

 

Құраст.: Жексенова А. Б. оқу залының кітапханашысы

Тех. ред.: Құдайбергенова Г. У. ПОҚ залының кітапханашысы

Ред.: Аманова Г. К. бөлім меңгерушісі