«Ұлттық жаңғыру" деген ұғымның өзі ұлттық сананың кемелденуін білдіреді. Оның екі нақты бағыты бар. Біріншіден, ұлттық сана-сезімнің көкжиегін кеңейту. Екіншіден, ұлттық болмыстың өзегін сақтай отырып, оның бірқатар сипаттарын өзгерту", – деген жолдар бар. Осыған орай төменде ұлттық бірегейлік пен ұлттық болмысымызды нығайтудың бірнеше негіздерін атап өткенді жөн көріп отырмыз.
Иә, кешегі Алаштың арысы, Абайдың рухани інісі болған ұлы Мұхаң: «Қазақ ел боламын десең бесігіңді түзе, оны түзеймін десең әйелдің хәлін түзе», – дегені, ұлттың тұтас түп-тамырына бойлаған күрес жолы деп түсінуіміз керек. Сонау патшалық Рессей заманнан, кеңес одағының салтанат құрған дәуіріне дейінгі өмірді есепке алсаңыз, Алаш баласы үшін аса тауқыметті жылдардың тар жол, тайғақ кешулері аз болмағанын көресіз. Бүтін бір халықтың құлағы, көзі болған аса дарынды тұлғаларын нақақтан нақақ атты, жаламен түрмеге жапты. Ал қалған қойдай момақан жұртты қатал қысыммен қан қақсатып, малынан, жанынан айырды. Шарасыз елдің шамын өшіріп, арасына от жақты, руға, жүзге бөлді. Тілі мен дінін ауыздықтап, мәңгүрттендірді. Бірақ атадан балаға жалғасқан тектілік қанша жерден буғауласа да, ұлттың ұлы тұтастығы үшін Кенесары болып кектенді, Махамбет болып аттанды, Желтоқсан болып желбіреді. Одан кейін қиан-кескі қызыл майданнан қыспақ көріп, жетпіс жылдық көктем саясаттың үгіліп, өміршеңдіктен үзіле бастаған кезінде ғана Тәуелсіз Қазақ Елі болып қайта орыннан тұрды. Ақтаңдық жылдары азап шеккен ұлт мақтаныштары ақталып қайтадан тарих төріне шықты, ел еңсесін тіктеп еміренген тәуелсіздік осынау ұлы күрестің даңғыл жолында азаппен қолға келді.
Сәтін салып, бар қазақтың ардағы, ата-баба арманы болған тәуелсіздігімізге де ширек ғасырдан асып барады. Елін бастаған Елбасының, ел қамын жеген ерлердің арқасында еліміз бұрын-соңды болмаған нәтижелерге қол жеткізді. Сондықтан көп жылдар бойғы тұйыққа тірелген тұшымды мәселелерге Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы тұрғысынан осы бір жылдың ішінде рухани толығу мен жаңғырудың көшбасы істері атқарылды.
Рухани жаңғыру идеясы ата мекенмен ұлттың бір болуын, үнемі ұрпақ пен туған жердің байланысуын, адам мен табиғаттың тұтастығын негіздейді. Рухани жаңғыру ұлттық болмыстың негізінде мемлекет өмірінде қалыптасатын интеллектуадық өріс. Ол жеке адамды, ұрпақты, ұлтты, халықты табиғаттан, өзінің төл болмысынан ажыратып алып кетпейді, керісінше өз болмысының әлеуметтік рухани негіздерін сақтай отырып оны нығайтуға, қорғауға, сақтап қалуға ықпал ететін ұғым, ұлттық деңгей, бір ұрпақтың мемлекеттің тархы мен болашағы алдында жасайтын, қол жеткізетін жетістігі.
Қоғамда интеллектуалдық ой өріс болу үшін ұрпақ болмысы мінсіз болуы қажет. Елдің тұрмыс тіршілігімен тыныс алып, өмірімен етене байланысып өскен ұрпақ өмірге ширығып өседі. Өмірге ширыққан адам елге жаны ашитын, бойында бар қабілетті, қолы жеткен бар игілігін елге арнайды. Елге жаны ашитын зиялы адам өз заманының жетістігін білімге, өнерге, ғылымға жастарды бағыттау оның жетістігіне елдің қолын жеткізу деп түсінеді.
Жеке адамның, әлеуметтің рухани жаңғыруы өмірге, уақытқа ақыл парасатымен, білімімен бейімделе білуде. Адамды өмірге, қоғамдық ортаға, уақыттқа ақыл парасатымен, білімімен бейімдейтін ұлттық қасиетер мен құндылықтар. Атап айтсақ ұлттық сана, тарихи (тарих туралы) білім, ұлттық тәрбие, имандылық, тектілік және т.б. Бұлар жеке адамды қоғаммен, бүтін бір ұрпақты ұлттық негізімен біріктіреді. Бұлардан қол үзген адам рухан жаңғырудың биігіне жете алмайды. Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаев атап көрсеткендей, жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу. Өткенді мақтан тұтып,бүгінді бағалай білу – ұлттың сақталу кепілі. Жаңғыру атаулы бұрынғыдай тарих тәжірибемен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауы тиіс. Керісінше, заман сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрерді табысты жаңғырудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажет.
Мемлекет халықтың ортақ үйі, сол үйді күтіп баптайтын, рухын сақтайтын, қорғайтын адам мемлекеттен, қоғамнан бөлінбейді, мемлекетінің мүддесінен, төл мәдениетінің болмысынан қол үзбейді. Керісінше мемлекеті, халық үшін, ұрпақтың келешегі үшін заманның талабын зерделеп, одан өтудің жолын білімімен іздейді. Адамды, халықты бұндай дәрежеде ойлауға жетелейтін ұлттық сана. Ұлттық тарихи сана елдің тархы мен мәдениетіндегі тәжірибелер арқылы ұрпақтың уақытымен үйлессе елдің тұтас ұлттық зердесі қалыптасады немесе заман талабына сай өрісін кеңейте түседі. Бұндай ұлттық сананың құбылысы тарихымызда үнемі өзінің танымдық қызметін атқарып отырған. Мәселен түркі қазақ жұртының Мәңгілік Ел болу идеясы ұлттың зердесінен туған дүние. Мемлекет басшысы мақалада атап көрсетілгендей, неғұрлым адам өзінің бар мүмкіндігін тарихтың елегінен өткізген сайын уақыт талабын игеруге қабілетті келеді.
Жеке адамның өзіндік санасының ұлттық санаға айналуы ұлттың руханяты арқылы жүзеге асады. Ұлттың руханияты ұлт болмысының интеллектуалдық өрісі мен деңгейін біріктіре отырып, ұрпақтың тулғалық қалыптасуы мен ел болмысының тұлғалануын қамтамасыз етіп отырады. Ұлттық санамен қалыптасқан және ұлттық зердеге бағынатын жеке адамның рухани ізденістерінің негізінде ел игілігіне ортақ, оның болашағына қызмет ететін танымы, бойындағы қасиеттері, білімі, тәжірибесі мен идеясы қалыптасады. Жүсіпбек Аймауытов жазып кеткендей, «Адам жанды нәрселердің ішіндегі ақылдысы, сезімдісі, қайраттысы. Ішіп- жеу жанды нәрселердің бәрінде бар. Адам дүниеде ақылды зат болса, өмір сүруінде де бір ақылды мақсат болуы керек. Тамақтану, нәпсісін ырза қылу, өсіп өнумен хайуанғана қанағаттанады. Егер адам да осындай керекпен ғана қанағаттанып өмір сүретін болса, адамның хайуандық жағы өсіп, ақылды адамшылық жағы өшкен болады». Рухани жаңғыру қоғамның барлық мүшесіне, ұлттың барлық өкілдеріне өз міндетін жүктейтін құбылыс.
Мемлекеттің тарихы ғасылар бойы қаланып отыратын қамал сияқты. Әр ғасырдың ұрпаққа жүктелетін міндеті мемлекеттің қажеттіктерін өтеу мәселелерінен туындайды. Қазақ хандарының заманында мемлекетті қалыптастырып нығайту, оны үнемі ел болып қорғап отыру ұрпақ міндетіне жүктелді. Сол кездегі ата бабаларымыз өздеріне жүктелген міндетті ұлттық парыз деңгейінде түсініп қабілетті, білікті, есті, кемеңгер, ерік жігері мол жауынгер болуға ұмтылды. Жауынгерлікті адам мал мен пұлға сатып ала алмайды, ол ұлттық тәрбиемен, діни сауаттылықпен, баланың жастайынан ел тұрмысымен араласып ширығып өсуімен келеді. Осы себептен ата бабаларымыздың батыр, би, шешен және тума талант өнер иесі болуында қазақ ұлтының тарих өмір мен уақыт талабына ілесе білген қабілеті жатыр.
Уақыт бір орында тұрмайды, заман алға жылжиды. Уақыт өрісіндегі заман болмысының ерекшеліктері мен белгілері ұрпаққа жүктелетін міндетіне тәуелді. Өз дәуірінің ел болашағымен біріктіретін міндетін дұрыс орындай білген ұрпаққана мемлекетінің мүддесін сақтап, өзінен кейінгі буынға табыстап кетеді. Аға ұрпақтың кейінгі буынға табыстайтын дүниелері ұлттық құндылықтар. Олардың кейінгі дәуірде өмір сүруіне ықпал ететін ұлттық қасиеттер.
1. Ұлттық құндылықтар негізі болып саналатын тіл,тарих,салт – дәстүр, дін және діл сияқты бай ата - баба мұрасын көз қарашығындай сақтай білу.
2. Ұлан байтақ даламыздың орынын өгейсітпей өз орнына келтіру үшін мемілекетіміз күшейтіп, ұлт болмысын қатайтып, көбейіп,сүйектеніп ұлт рухына жан бітіру керек.
3. Өткенін ұмытқан халықтың болашағы бұлыңғыр дейміз, сана сілкінбеген жерде сапа болмайды, салиқалы ұрпақ өспейді. Осындай өзекті мәселелердің ұтымын тауып, өміршеңдікке қол жеткізу үшін, жас ұрпақтың тарихи санасын қазақи ұлттық отбасы ортадан, бала бақшадан қалыптастыруымыз керек.
4. Техниканың жаппай ғарыштап дамыған заманда жүйелі білімді жолға қойып, әсіресе ұлттық минталитетімізді ұштауға арналған оқулықтарды көбейтуге, оның жарнамасына көңіл бөліп, оқырман арасында кеңінен етек алуына мұрындық болу қажет.
5.Ұлы Даланың тарихи шежіресін толық ақтап, жинақтап, қолдарына танымдық мұра ретінде ұстатып, әлемдік кеңістікте тұғырын бекіту.
Бұл міндеттерді жүзеге асыру үшін өлкелік, өңірлік, республикалық кеңістіктегі тарихи шежірелерімізді түбегейлі зерттеп – жинақтап,нақты жұмыстармен дәлелдеп, көрсетуіміз қажет.
Адам баласының рухани жаңғыру қызметінің негізінде сананың дамуымен қатар жүретін нәрселер еңбек, білім, адамгершілі және кісілік деңгейде ойлау. Әр ұлттың болмысы мен мүддесінің қозғаушы күшіне айналған сана қашанда әлеуметтік және тарихи құбылысқа ие болады. Бұндай деңгейдегі сананың түрін ұлттық сана дейміз. Сондықтанда ұлттық сана қашанда рухани жаңғырудың негізі болып қала бермек.
С.Торайғыров атындағы ПМУ Зейнулина А.Ф. ф.ғ.к., профессор