С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде ТОМ: Kazakhstan 72 сағаттық мейкатон мәресіне жетті.

Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов пен сарапшылардың назарына 10 жоба ұсынылды. Олардың қатарында оңалту жүріс арбасы, оңалтуға арналған тренажерлер, жанама көру жүйесі, көзі нашар көретіндерге арналған жүйе және мүмкіндігі шектеулі азаматтардың өмірін жеңілдететін өзге құрылғылар болды.

Марафон қорытындысы бойынша бірінші орынға Алматы энергетика және байланыс университетінің «Kid Robotics» командасы ие болды. Мейкерлер есту қабілеті бұзылған азаматтарға қоршаған ортамен қарым-қатынас ортануға мүмкіндік беретін «Ақылды қолғап» жобасын көрсетті. Екінші орын тұғырынан «Сал ауруына шалдыққан азаматтарға арналған үш дөңгелекті велосипед» жобасын ұсынған ҚазАТУ-нің өкілдері көрінді. Үшінші орын Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің «Жанама көру жүйесі» жобасын ұсынған екі команда мен Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің екі аяққа арналған протез жобасын паш еткен «Freedom» тобына бұйырды. 

Сонымен қатар, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің  есту қабілеті бұзылған адамдардың мәселесін шешуге арналған Helper H («Ақылды білезік») және Glove C («Ақылды қолғаптар») жобаларын ұсынған «Techno RIM» тобы С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің арнайы жүлдесіне ие болды. 

Тель-Авив университетінің Қазақстан Республикасындағы достар қауымдастығы «Оңалту жүріс арбасы TOM KZ 1.0» прототипін ұсынған Алматы технологиялық университетінің «Robolab» тобының жұмысын атап өтті. 

Ең табысты жобалар мейкатонның келесі кезеңіне жолдама алады. Келесі кезең үстіміздегі жылдың сәуір айында өтеді. Командалар Астана қаласындағы әлеуметтік кәсіпкерлік мектебінде білім алып, жобаларын комерциаландыру мақсатында болашақ инвесторлар мен қызығушылық танықан азаматтарға көрсете алады. 

 

Фото: С.Торайғыров атындағы ПМУ медиаорталығы жəне Pavlodarnews.kz ақпараттық агенттігі