С. Торайғыров ат. Павлодар мемлекеттік университетінде Желтоқсан оқиғасының 30 жылдығына арналған «Қазақстандағы Желтоқсан (1986) көтерілісінің тарихи және халықаралық маңызы» атты дөңгелек үстел өтті.
Павлодар облысы әкімінің орынбасары Мейрам Бегентаев өз сөзін былайша өрбітті: «Конституциямызда ортақ тарихи тағдыр біріктірген Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерінде мемлекеттілік құрып, еркіндік, теңдік және татулық мұраттарына берілген бейбітшіл азаматтық қоғам құра отырып, Конституцияны қабылдаймыз делінген. Бүгінде біз жаһанға жария еткен конституциялық қағидалар 1986 жылдың желтоқсанында Алматы қаласындағы алаңға шыққан жастардың ұрандары болған еді. Сол себепті де, біздің басты құндылығымыз – Тәуелсіздігіміз үшін өмірін қиған жандарды еш ұмытпауымыз қажет», – дейді Мейрам Мұхаметрахымұлы.
Сондай-ақ, Мейрам Бегентаев желтоқсан оқиғасына қатысқан азаматтарды «Желтоқсанның 30 жылдығы» естелік медалімен марапаттады.
С. Торайғыров атындағы ПМУ ректоры, с.ғ.д. Арын Өрсариев өз сөзінде желтоқсан оқиғасы қазақтардың ұлт ретінде этносаяси бірігуіне ықпал еткенін айтты.
«Ешнәрсеге қарамастан, қазақстандық қоғамның ұлттары мен конфессиялары достығының арасына жік түспеді. Қазақстанда тұратын орыстар, немістер, украиндықтар, өзбектер және басқа да ұлт өкілдері қазақ халқының ұлттық болмысы мен құндылықтарын аңсауына түсіністікпен қарады», – деді Арын Амангелдіұлы.
Дөңгелек үстелде желтоқсан оқиғасына қатысушылар, қоғам қайраткерлері, белгілі жазушылар, ақындар мен ғалымдар желтоқсан көтерілісінің тарихи, саяси, қоғамдық және мәдени маңызына қатысты түрлі тақырыптарда баяндамалар жасады. Қатысушылар тарапынан болашақ ұрпақтың игілігі үшін тарихи музейдің ашылуы, желтоқсан оқуларын өткізу, желтоқсантану пәнін енгізу сынды ұсыныстар да айтылды.
Басқосу барысында көпшілік назарына «Желтоқсан оқиғасы: демократиялық жаңару кезеңі» кітап көрмесі ұсынылды.