Оқу орындарының басшылығына студенттердің электронды цифрлық қолтаңба алып, электронды үкімет сайтында қызмет алуға үйрету жөнінде кеңес берілді.

- Мониторинг барысында қаңтар айында аймақтағы 28 колледжде студенттерге қызмет көрсету орталықтары бар екені белгілі болды. Дегенмен, тіркелу журналында көрсетілген қызметтер аз. Арнайы орта оқу орындарының басым бөлігінде орталықтың жұмысы ақсап тұр, - дейді Павлодар облысы бойынша мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігі басшысының орынбасары Нұрлан Жахин.

Тексерістен кейін сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет мамандары «Студенттер арасында egov.kz электронды үкімет порталын пайдалану дағдыларын қолдану» тақырыбында семинар ұйымдастырды.

Семинарға қатысуға облыстағы жоғары оқу орындарының проректорлары, жергілікті білім беру басқармасы, мемлекеттік корпорация өкілдері, колледждер директорларының орынбасарлары мен студенттерге қызмет көрсету орталықтарының жетекшілері шақырылды.

- Бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде жүргізу керек. Әр студент жоғары оқу орнын тәмамдағаннан кейін, электронды үкімет порталының қыр-сырын меңгеру керек. Сонымен қатар, студенттерге қызмет көрсету орталықтары мен мемлекеттік корпорациямен бірлесіп, студенттердің электронды форматта қызмет алуына сараптама жасау керек, - дейді Нұрлан Жахин.

Бүгінде Павлодар облысында 49 колледж бен төрт ЖОО бар. Олардың жанынан өзіне-өзі қызмет көрсету бұрыштары мен студенттерге қызмет көрсету орталықтары құрылған.

pavlodarnews.kz